Желіде ҚР Президентінің фейк дәйексөздері таратылуда
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда барлық оқушылардың тегін тамақтануына, жол жүруіне, мектеп формасы мен керек-жарағына кепілдік беретін, сондай-ақ балаларды зорлағаны және мас күйінде ЖҚЕ бұзғаны үшін жазаны күшейтетін бірқатар заңнамалық актілерге қол қойғаны туралы хабарламалар таратылуда. Бұл хабарламалар бұрмаланған және манипуляция болып табылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев тегін ыстық тамақтану және жол жүру туралы 2020 жылғы қаңтарда айтқан.
Бірақ таратылған хабарламада келтірілген дәйексөз бұрмаланған: «Аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына тегін ыстық тамақ, мектепке барып-қайту жолы, мектеп формасы, қажетті керек-жарақтар беріледі. Мұның бәрі мемлекет есебінен жасалады, – деді ол.
Бұл ретте Мемлекет басшысы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қатысты айтқан болатын.
«Аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп оқушылары үшін тегін ыстық тамақ, оқуға барып-қайтуға жол жүру, мектеп формасы, қажетті керек-жарақтар ұсынылады. Мұның бәрі, әрине, мемлекет есебінен болады», – деді ол.
Бүгінгі күні бюджет есебінен көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ «Жаппай оқыту» қоры шеңберінде өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушыларға әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Бұл қаражат заңнамалық түрде жергілікті бюджеттерден бөлінеді.
Жаппай оқыту қорынан көмек: мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға; жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен мемлекеттік АӘК алмайтын отбасылардан шыққан балаларға; отбасыларда тұратын жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға; төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға көрсетіледі.
Қор тарапынан ыстық тамақпен, мектеп формасымен және т.б. қамту арқылы қолдау көрсетіледі. Жалпы, 400 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар, бірқатар өңірлерде жергілікті өкілді және атқарушы органдардың шешімі бойынша 1-4 сыныптардың барлық оқушыларын тамақпен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қаржы бөлінеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мас күйінде жол ережесін бұзғаны үшін жазаны қатаңдатуды көздейтін заңнамаға 2019 жылғы 27 желтоқсанда қол қойды. Ол кезде ҚР Қылмыстық кодексі 345-1-бабымен толықтырылды. Оған сәйкес, Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде жол қозғалысы немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне алып келген іс-әрекет жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғады. Дәл осындай іс-әрекет абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген жағдайда, айыпты жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Осы кезде балаларды зорлағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру қарастырылған түзетулерге де қол қойылды. Сонымен қатар, осы түзетулерге сәйкес кәмелетке толмағандарды өлтіргені үшін, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға есірткі сатқаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Демек, ел Президентінің бірқатар заңнамалық актілерге қол қоюы туралы таратылған хабарламалар манипуляция болып табылады.