ІІМ Ақтауда митингіде күш қолдану туралы қауесетті жоққа шығарды
Қазақстандықтар әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджерінде Ақтауда митингіге қатысушыларға күш қолдану туралы және Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы қызметінен кеткені туралы ақпарат таратуда. Бұл жалған.
ҚР Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
– 4 қаңтарда WhatsApp мессенджерінде «Қазақпыз» чатында жалған ақпараттар жарияланды. Аудио авторының айтуынша, митингіге қатысушыларға қарсы күш қолдану туралы нұсқауға байланысты Маңғыстау облысы ПД бастығы отставкаға кеткен. Сондай-ақ, ол өрт сөндіруші болып істейтін көршісінің наразылық білдірушілерге мұзды су шашудан бас тартқанын айтты. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Мұндай нұсқаулар болған жоқ. Қазіргі уақытта адамдарды ұстау жүргізіліп жатқан жоқ, қоғамдық тәртіпті сақтау қамтамасыз етілуде, – деп түсіндірді ІІМ.
Сондай-ақ, министрлік фейк ақпараттың авторы анықталып, жауапқа тартылатынын атап өтті.
Қазақстандықтарды әлеуметтік желілерде фейк ақпараттар таратпауға және тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақыруда.