Фейк: «ПТР тесттер – бұл биологиялық қару жасауға негіз болатын ДНҚ үлгілерін жинау»
Танымал қазақстандық Telegram-арналардың бірінде ПТР-тест – бұл Sars-CoV-2 вирусын анықтаудың жолы ғана емес, ДНҚ жинау болып табылатыны туралы ақпарат тарады. ДНҚ молекулаларында суперкомпьютер «күйге келтірілетін» белгілі бір жиіліктер бар екен. Осы ақпаратты қолдана отырып, жасанды интеллект адамдардың ДНҚ-ны «бұзып», биологиялық қару жасайды. Мұның бәрі фейк және конспирология.
Алдымен ПТР талдауы ДНҚ талдауы емес екенін атап өткеніміз жөн. Бұл мүлдем басқа технология. Сонымен қатар, екі зерттеу үшін биоматериал алу ережелері де әртүрлі. Мысалы, ДНҚ анықтау үшін жақ ішінен алынған буккальды эпителий үлгісін қолдануға болады. Әуелі науқас аузын қайнаған сумен шаяды, содан кейін биоматериал алу үшін ауыздың ішінен стикпен кемінде 10 рет жүргізеді. Алынған үлгі бөлме температурасында сақталады және зертханаға жеткізіледі.
COVID-19 анықтау үшін ПТР талдауға арналған биоматериал аңқа мен жұтқыншақтан алынады. Үлгілер алынған стиктер +2-ден +8 градусқа дейінгі температурада арнайы термоконтейнерлерде сақталады және тасымалданады.
ПТР талдау процедурасы да ДНҚ анықтауға арналған талдаудан айтарлықтай ерекшеленеді.
Адамдардан ПТР талдауы деп ДНҚ алады деген теорияларды шетелдік фактчекерлер де жоққа шығарды.
ДНҚ-да ретке келтіріп, бұзуға боалтын белгілі бір жиіліктер бар екендігі туралы тұжырымдар Питер Гаряев ұсынған толқындық геном жалған ғылыми теориясына негізделген.
Оның теориясы бойынша біздің ДНҚ-дағы ақпарат белгілі бір толқын түрінде болады. Сонымен қатар, кейбір жағдайларда автор бұл толқын акустикалық, басқаларында оптикалық, кейде тіпті торсионды болады дейді. Сондай-ақ, Петр Гаряевтің пікірінше, ДНҚ телепортацияланады, ал адам қайтыс болғаннан кейін ДНҚ-ның белгілі бір «фантомы» 40 күн бойы сақталады. Бірақ ол өз зерттеулеріне ешқандай дәлел келтірмейді, сонымен қатар оның барлық тәжірибелері дәлелді ғылымда қабылданған ережелерді бұзады.
Бұған қарамастан, Петр Гаряев өз теориясының шын екендігін алға тартуда, тіпті өзінің ресми сайтында «кванттық ақпараттық косметикалық майлар», «сұйық кванттық ақпараттық матрица» және «генетикалық-метаболикалық спиндік емдік ақпаратты қатты және сұйық тасымалдағыштарға жазуға мүмкіндік беретін, ішінде орындығы бар әсерлі металл пирамида түріндегі құрылғыны сату арқылы оны монетизациялауға тырысады.