Қазақстандықтар 42 500 теңге төлемін рәсімдеуді ұсынатын алаяқтар туралы ескертілді
Әлеуметтік желі пайдаланушылары телефон арқылы 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемді ресімдеуді ұсынатын алаяқтар туралы жазуда. Олар өздерін Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардан төлем алушылардың тізіміне қосу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның паролін сұрайды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазіргі уақытта 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемнің төленіп жатқандығы туралы ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
– Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін ең төменгі еңбекақы мөлшеріндегі біржолғы төлем – 42 500 теңге 2020 жылғы 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында төтенше жағдай кезінде төленді. Сондай-ақ 2020 жылғы 5 шілде-17 тамыз аралығында карантиндік шектеу шаралары кезінде берілді. Төтенше жағдай режимі кезінде бұл әлеуметтік төлем 322 млрд теңге сомасына 4,6 млн адамға, ал карантиндік шектеу шаралары кезінде 153,2 млрд теңге сомасына 2,4 млн адамға тағайындалды. Карантиндік шектеу шараларын қолдану кезеңіне МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлем тағайындауға өтініштер 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін шағымдану құқығымен үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін қабылданды, – деп хабарлады министрліктің баспасөз хатшысы Александр Кононец.
Айта кетейік, әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде адамдар өз бетінше өтініш берген немесе өтінімдерді проактивті түрде алған.
Алаяқтар азаматтың электрондық-цифрлық қолтаңбасына қолжеткізген соң оның дербес мәліметтерін, мүлкі туралы және т.б. ақпаратты оңай біле алады. ЭЦҚ номерін ешкімге айтуға болмайды.