Жалған: «Вакцинацияланғандар арасында дельта штаммынан болатын өлім-жітім жоғары»
Желіде Ұлыбританияда коронавирустың «дельта» штаммынан туындаған аурудан болған өлім-жітім статистикасы жоғары екендігі туралы ақпарат таратылуда. Вакцинацияға қарсы адамдар мұны антиденеге тәуелді инфекцияның (ADE, antibody-dependent enhancement) күшейюімен байланыстырып отыр.
Ақпарат авторлары дәлел ретінде британдық денсаулық сақтау министрлігінің апта сайынғы ақпарына сүйенеді. Бірақ 18 маусымдағы мәліметтер бойынша (хабарламада көрсетілген күн) елде «дельта» штаммын жұқтырған 73 науқас көз жұмған. Оның ішінде 34 адам (жалпы санының 46,5%) вакцинацияланбаған. 26 адам егілген – бұл 35,6%. Демек, вакцинацияланғандар арасында өлім-жітім деңгейі жоғары деп айта алмаймыз.
Екпе салдырған адам иммунитет әлі қалыптаспаған кезеңде індет жұқтыруы мүмкін екенін ескергеніміз жөн. Вакцинациядан кейін иммунитеттің қалыптасуына орта есеппен 21 күн қажет. Сондықтан вакцинацияланған адамдарға барлық санитарлық шараларды сақтау ұсынылады.
25 маусымдағы жағдай бойынша Англияда «дельта» штаммын жұқтырған 92 мыңнан астам жағдайдың басым бөлігі – 50 жасқа дейінгі науқастар. Ауырғандардың жартысынан көбі (53 822 жағдай) вакцинациядан өтпеген.
Енді антиденеге тәуелді инфекцияның күшеюіне (ADE) тоқталайық, хабарлама авторының пікірінше, бұл вакцинацияланғандар арасындағы өлім-жітім себебі болып табылады.
Антиденеге тәуелді күшею иммундық реакция кезінде пайда болған антиденелер патогенді танып, онымен байланысқан кезде пайда болады. Олар инфекция жұқтырудың алдын ала алмайды, оның орнына патогеннің дене жасушаларына енуіне септігін тигізеді.
ADE – бұл денге безгегі бар науқастарда алғаш рет сипатталған ғалымдарға белгілі механизм. Бірақ бүгінгі күні COVID-19 қарсы вакциналарды клиникалық сынау кезінде антиденеге тәуелді инфекцияның күшеюінің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Сынақ деректері плацебо алған адамдармен салыстырғанда вакцина салдырған қатысушыларда аурудың ауыр ағымын көрсеткен жоқ.