Фейк: «Вакцинация паспорты жоқ адамдар қылмыскер болып саналады»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттарда полицияның вакцинация паспорттары жоқ және маска тақпаған адамдарға қылмыскер ретінде қарайтыны туралы ақпарат тарады. Оған қоғамдық орында бетпердесіз жүргені үшін ұсталған екі қыздың видеосы тіркелген. Кадрларда не көрсетілгені және тараған хабарламаның неге жалған екенін түсіндіріп өтейік.
Бұл видео 2021 жылдың қыркүйегінде Парижде, Chatelet – Les Halles метро транзиттік торабында орналасқан сауда орталығында түсірілген.
Желіде кездесетін видеоның толық нұсқасынан полиция бастапқыда таратпаған наразылық шарасы болғанын көруге болады. Кейінірек ғимаратқа полиция қызметкерлері кірді. Видеоға түсіп қалған қыздар тәртіп сақшыларына қарсылық көрсетіп, оларды қорлаған, сол үшін қамауға алынды.
2021 жылдың 6 қыркүйегінде қамауға алуды жүзеге асырған полиция қызметкерлерінің Полиция басқармасы өзінің Twitter-дегі парақшасында болған оқиғаның мән-жайын түсіндіріп өтті. Онда қыздар «құқық қорғау органдарының қызметкеріне зорлық-зомбылық көрсетіп, қорлағаны үшін» ұсталды деп жазылған. Сондай-ақ Басқарма ондаған демонстранттардың тек төртеуі – тәртіп сақшыларын ашық түрде қорлағандар ғана ұсталғанын атап өтті.
Айта кетейік, 2022 жылғы 16 мамырдан бастап Парижде бетперде тағу міндетті болып табылмайды. 14 наурыздан бастап Францияда қоғамдық орындарға бару үшін вакцинация паспорты қажет емес.
Яғни, маска тақпаған және вакцинация паспорты жоқ адамдар қылмыскер ретінде қарастырылмайды.
Демек, таралған ақпарат – жалған.