Fake News

Дәлелсіз: вакцинация басталғалы коронавирус жұқтыру жағдайлары артуда

Қазақстандық Telegram-арналарда жазылушылар түрлі елдерде COVID-19 ауруын жұқтыру жағдайларының өсуі вакцинациялаудың басталуымен байланысты екендігі туралы видеоны таратуда. Автор роликте ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен сарапшылардың пікірлерін емес, өз тұжырымдарын айтады.

Роликте ресейлік психиатр София Доринская көрермендерге әртүрлі елдердегі COVID-19 ауыршаңдығы туралы Google статистиканың басып шығарылған кестелерін көрсетеді. Ол аурудың шарықтау шегін және вакцинацияның басталуын белгілеп, індетті жұқтырғандар саны халық егіле бастаған кезден өсе бастаған деген қорытынды жасайды.
Алдымен видео авторының иммунология, вирусология және эпидемиология саласындағы біліктілігіне назар аударайық. София Доринская интернетте ресейліктерге дәрігер-психиатр, блогер және «Эта сумасшедшая психиатрия» кітабының авторы ретінде белгілі. Айта кетейік, кітапта ғылымға қарсы, бұрыннан теріске шығарылған жалған ақпарат көп – мысалы, ультрадыбыстық зерттеуден тіндер «пісіп» қалады.
Ал енді видеоға тоқталайық. Автордың аурушаңдықтың өсуін вакцинацияның басталуымен байланыстыруы негізсіз. Оның кестелерінде вакцинациядан бұрын әртүрлі елдердегі індетті жұқтыру жағдайларының өсуі мен төмендеуі орын алғанын байқауға болады. Қазіргі кезде вакцинация мен COVID-19 сырқаттанушылықтың арасындағы байланысты растайтын бірде-бір ғылыми зерттеу жоқ.
Автор тәжірибесіне сілтеме жасаған елдер арасында Израиль бар, оның айтуынша, ел халқының 57%-ы COVID-19-ға қарсы егілген, бірақ аурушаңдықтың төмендеуі байқалмайды. Шын мәнінде, Израильде халықтың 80%-ы сәуір айының басында вакцинацияланды (мемлекет вакцинация бойынша әлемде көш бастап тұр). Ал ауру рекордтық деңгейге дейін төмендеді.
«Барлық зерттеулеріміз бен бақылауларымыз жаппай вакцинация аурудың таралуын тоқтатудың жалғыз әдісі екенін көрсетті. Соңғы мәліметтер өте маңызды болжамды растады, вакцина коронавирустың жаңа штамдарына төтеп бере алады және сырқаттанушылық пен коронавирусты жұқтырудың алдын алады», – деді Израиль Денсаулық сақтау министрлігінің денсаулық сақтау бөлімінің бастығы Орли Гринфельд БАҚ-та

Аурушаңдықтың өсуін вакцинациямен неге байланыстыруға болмайтыны қазақстандық сарапшылар да түсіндіріп өтті. ҚР санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова бүгінде Қазақстан аумағында қолданылатын вакцинаның жансыз екенін жеткізді. Онда вирустың бөлшектері жоқ, бірақ құрамында ақпарат беретін және вакцинациядан кейін денеде антиденелердің қалыптасуына ықпал ететін геннің бір бөлігі ғана бар.

«Вакцинация коронавирустық инфекциядан қорғайды. Бірақ вакцинацияның толық кешені, яғни екі дозасын алған кезеңде және иммунитет қалыптастыру үшін 60 күнге дейін уақыт кетеді, орта есеппен – 45 күн, адам індетті жұқтыруы мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, ол адамда инфекцияны жұқтыруды болдырмау немесе жеңіл түрде ауыратындай қажетті антиденелер титрі жоқ. Сондықтан вакцинация індетті жұқтырумен және аурушаңдықтың өсуімен байланысты емес», – деді Айжан Есмағамбетова.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button