Қатерлі ісік ас содасымен емделмейді
Қазақстандық қолданушылар қатерлі ісікті ас содасымен емдеуге болатындығы туралы ақпарат таратуда. Посттарда осы емдеу әдісін ойлап тапқан италиялық Тулио Симанчини жайлы айтылады. Бұл фейк көп жыл бойы әлем дәрігерлерімен жоққа шығарылуда. Ал обыр ауруын натрий бикарбонатымен емдеген онколог 2018 жылдан бері науқасты өлтіргені үшін жазасын өтеуде.
Қатерлі ісікті ас содасымен емдеудің керемет әдісі туралы жазылған кезекті постқа сәйкес, 1983 жылы италиялық Тулио Симончини Геннаро Сангерманоны өкпе обырынан емдеп шыққан. Айта кетейік, кейбір фейктерде сол Геннаро Сангермано қатерлі ісікті ас содасымен емдеуді ойлап тапқан дәрігер болып шығады.
StopFake.kz бұрынғы онколог Тулио Симончини және оның қатерлі ісік Candida albicans саңырауқұлақ колонияларынан туындайды деген пікірі жайлы бұған дейін жазған болатын. Біз оның мәлімдемесін қауымдастырылған профессор, медицина ғылымдарының кандидаты Найля Кабилдинамен бірге талқылаған едік.
– Әрине, қатерлі ісік саңырауқұлақ инфекциясы емес. Қарапайым тілмен айтқанда, қатерлі ісік – бұл жасуша мутациясының ауруы, онда жасушалар бақылаусыз бөлініп, өсе бастайды. Яғни мутацияланған, ісік жасушасының циклі бұзылады. Қатерлі ісіктің пайда болуы теориясы көп. Бұл эмбрионалды ісік болуы мүмкін, онда эмбрион салу деңгейінде қандай да бір бұзылулар пайда болады. Бұл кейбір инфекциялар аясындағы генетикалық мутация болуы ықтимал. Егде жастағы адамда бұл ағзаның қартаюына байланысты болады, өйткені жасушалардың қартаюы олардың өзгеруіне әкеледі», — деп түсіндірді профессор Найля Кабилдина.
Әрине, қатерлі ісікті ас содасымен емдеуге болмайды. Бүгінгі таңда қатерлі ісікпен күресудің тиімді әдістері хирургиялық араласулар, сәулелік терапия, химиотерапия, гормондық терапия және мақсатты терапия болып табылады.
Хабарламаға сәйкес, Симончиниді бұл әдісі үшін медиа мен медициналық қоғам мазақ етіп, қудалаған, содан кейін ол үш жылға сотталып кеткен. Шын мәнінде, 2006 жылы Симончини қатерлі ісік ауруын емдеудің тексерілмеген әдістерін қолданғаны үшін медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылған болатын. Бірақ ол заңсыз тәжірибесін Албанияда жалғастырған. 2012 жылы оның «клиникасында» ас содасын көктамырға құю салдарынан ми обырымен ауырған 27 жасар Катания тұрғыны Лука Оливотто көз жұмған. 2018 жылы Симончини адам өлтіргені және қызмет бабын теріс пайдаланғаны үшін сотталған.