Манипуляция: «COVID-19 пандемиясының басталуын дәлелдейтін құжат жоқ»
Қазнет пайдаланушылары адамдарды COVID-19-ға қарсы егілуге және санитарлық талаптарды сақтауға негіз болған не деп сұрауда. Кейбіреулер пандемияның басталуын растайтын құжат болмағандықтан, Sars-CoV-2 вирусының өзі мүлдем анықталмаған деп мәлімдеуде Сондықтан вакцинацияға үндеу негізсіз. Бұл манипуляция.
Біріншіден, пандемия дауыл, табиғи апаттар, соғыс қимылдары және басқа да болжауға болмайтын және еңсерілмейтін құбылыстар сияқты форс-мажорлық жағдайларға жатады. Тиісінше, бүкіл әлем куә болып отырған осы бір ешкім күтпеген және ауқымды құбылыстың орын алғанын дәлелдейтін құжат қажет емес.
Сонымен қатар, пандемия мен індеттер құжаттармен емес, нақты критерийлермен анықталады. Үлкен медициналық энциклопедияда «пандемия» сөзі «елдер мен континенттерде таралған аса күшті індет; эпидемиялық процестің дамуының ең жоғары деңгейі» деп түсіндірілген.
ДДСҰ мәліметтері бойынша пандемия – бұл жаңа індеттің әлемдік деңгейде таралуы.
Осы анықтамаларға сүйенсек, 1870 жылдардағы шешек ауруы, 541-700 жылдардағы Юстиниан обасы, 1346-1353 жылдардағы «қара өлім» және алғашқы пандемиясы 1816-1826 жж болған тырысқақ пандемия болып саналады.
Осы жағдайлардың ешқайсысында пандемияның басталуы мен аяқталуы туралы ресми түрде мәлімдейтін арнайы құжат болмаған. Бірақ пандемияның өзі болды және мұны тарихи дәлелдер мен археологиялық жәдігерлер растайды.
Екіншіден, ДДСҰ 11 наурызда өткен брифингте COVID-19 індетін пандемия деп жариялады.
– Біз аурудың таралуы мен індетті жұқтыру жағдайларының күрделілігіне, қауіпсіздік деңгейлеріне де алаңдаушылық танытудамыз. Сондықтан COVID-19 таралуын пандемия деп сипаттауға болады деп ойлаймыз. Пандемия – бұл жай қолдануға болатын сөз емес. Егер ол дұрыс қолданылмаса, бұл негізсіз қорқыныш немесе күрес аяқталды деген пікірге мойынсұнушылық тудыруы мүмкін, бұл қажетсіз азап пен адам шығына әкеледі», – деді ДДСҰ бас директоры Тедрос Адан Гебрейсус.
Оның толық баяндамасы ДДСҰ ресми сайтында бірнеше тілде ұсынылған. Ал бейнежазбасы ДДСҰ-ның Twitter-дегі ресми парақшасында жарияланған.
Үшіншіден, SARS-CoV-2 вирусы оқшауланбаған деген қастандық теориясы жоққа шығарылған. Бұл вирустың толық геномы және микроскоппен түсірілген суреті баршаға қолжетімді.
Төртіншіден, Қазақстанда СOVID-19-ға және кез келген басқа ауруға қарсы вакцинациялауға мәжбүрлемейді. 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 77-бабына сәйкес Қазақстанның әрбір азаматы «емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық егулерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе бас тартуға» құқылы.
Осылайша, жарияланымда келтірілген мәлімдемелер фактілермен манипуляциялау және бұрмалау болып табылады. Олардың ешқайсысы шындыққа сәйкес келмейді.