Фейк: «Алматы облысында дәрігер COVID-19-ға қарсы вакцинациядан кейін қайтыс болды»
Facebook әлеуметтік желісінде Алматы облысының Іле ауданында гинеколог-дәрігер қайтыс болғаны туралы хабарлама тарады. Пост авторының сөзінше, оның өліміне коронавирустық инфекцияға қарсы екпе себеп болған. Бұл олай емес.
Қосөзен ауылының дәрігері COVID-19-ға қарсы егілмеген. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен хабарлады.
– Ағымдағы жылдың бесінші наурызында Алматы облысы Іле ауданы Қосөзен ауылында 1965 жылы туған акушер ауырып қалды. Науқас 09 наурызда Жедел жәрдем бригадасымен фильтрге жеткізіліп, «Коды U 07.2 сол жақ өкпелік пневмония, сатурация 89%» диагнозымен ОАА инфекциялық бөлімшесіне жатқызылды. 23 наурызда ол қайтыс болды. Өлімнен кейінгі диагноз: «Жүрек-қан тамыр жүйесінің жетіспеушілігі», қайталама диагноз: «Коды U 07.2 анықталмаған пневмония». Марқұмға КВИ қарсы екпе салынбаған, – деп хабарлады ведомстводан.
Оны дәрігер жұмыс істеген Іле орталық ауруханасында да растады. Олардың айтуынша, марқұмның медициналық қарсы көрсетілімдері болғандықтан, оған COVID-19-ға қарсы екпе жасалмаған.
Айта кетейік, Facebook-тегі посттың авторы кейіннен өзінің қателігін мойындап, «медицина қызметкері пневмониядан қайтыс болды, бірақ вакцина алмаған» деп жазды.
Баршаңызды тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз! Жаңалықтың шынайылығын біздің порталдың көмегімен тексеруге болады. Өзіңізді қызықтырған ақпаратты t.me/stopfake_kz Telegram-арнасына немесе +7 707 739 5599 WhatsApp нөміріне жіберіңіз.