Фейк: «Адамдарды цифрлық көміртегі төлқұжаттарымен бақылайды»
Цифрлық көміртегі төлқұжаттарын енгізу адамдардың қозғалысын шектеп қана қоймайды, сонымен қатар бүкіл адамзатты бақылаудың тағы бір тәсілі болады. Telegram-да осындай жаңалық тарады. Бұл рас па? Анықтайық.
Жарияланымда дереккөз ретінде Intrepid travel баяндамасы көрсетілген. Бұл компания шытырман оқиғалы туризммен айналысады және көміртегі аз елдерге саяхаттауды қолдайды. Компанияның тур жетекшісі Мэтт Берннің айтуынша, саяхат кезінде планетаға көмектесудің ең жақсы жолы – көміртегі ізін азайту. Ұшпау, жеке және қоғамдық көліктерді аз пайдалану, етті аз жеу және т.б. Тургидтер топтық саяхат кезінде шығарындыларды да есептейді.
2023 жылдың қазан айының басында Intrepid Travel компаниясы The Future Laboratory болжам жасау агенттігімен бірлесіп есеп дайындады. Ол көптеген шетелдік жаңалықтар сайттарына тарады.
Туристік компанияның пайымдауынша, болашақта саяхатшылар үшін көміртегі төлқұжаттары енгізілуі мүмкін. Онда көмірқышқыл газын шығарудың жылдық лимиті көрсетіледі. Нәтижесінде мұндай құжаттар қозғалысты шектейді. Сонымен қатар жаһандық жылынуға байланысты саяхат картасы да өзгереді.
Бірақ бұл болжам ғана. Шын мәнінде, бүгінгі күні мұндай көміртегі төлқұжаттарын жасап, енгізу бойынша ресми мәлімдемелер немесе жобалар жоқ.