Манипуляция: «Таиланд билігі COVID-19 қарсы вакциналарынан зардап шеккендерге 45 миллион доллардан астам төледі»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың бірінде қатысушылары Таиланд билігі COVID-19-ға қарсы вакцинациялау салдарынан аурулар немесе жарақаттар болған адамдарға 45 миллион доллардан астам қаржы төлегені туралы жазды. Бұл ақпарат вакциналар қауіпті және мүгедектік пен өлімге әкелуі мүмкін деген теорияны дәлелдемейтінін айтып өтейік.
COVID-19 қарсы вакциналарға жағымсыз реакциялар дамыған адамдарға арналған төлемдер туралы ақпарат Таиландтың ұлттық денсаулық сақтау кеңсесінің ресми сайтында жарияланған.
Оған сәйкес, үкімет вакцинация нәтижесінде зардап шектім деп санайтындарға өтемақы төлейді. Ақпарат жарияланған кезде, 2021 жылғы 21 қаңтарда төлемдердің жалпы сомасы 1 миллиард бат немесе 29,5 миллион АҚШ долларынан сәл асқан.
Бұл ретте ресми сайттағы жарияланымда төлемдер кідіріссіз өтемақы қағидаты бойынша жүргізілетіні нақтыланған. Демек, азаматтардан келіп түскен жанама әсерлер туралы өтініштер тексерілмейді.
«Ұлттық денсаулық сақтау кеңсесінің бас хатшысының орынбасары Доктор Атапорн Лимпаньялерс кідіріссіз өтемақы қағидатын қолдану вакцинадан зардап шеккен реципиенттер тексеру жүргізбестен немесе вакциналардың жанама әсерлері бар екендігі туралы дәлелдерсіз қысқа мерзімде өтемақы алатындығын білдіретінін атап өтті», – делінген мақалада.
Төлем тағайындалғанға дейін арнайы комиссия тек адамның медициналық тарихын және арызда көрсетілген сырқаттың вакцина алынғаннан кейін пайда болуын ғана тексереді.
Сондай-ақ, кідіріссіз өтемақы алуға өтініш білдіргендердің көбі бас ауруы, жүрек айну, температураның көтерілуі және т.б. сияқты жеңіл жанама әсерлерге шағымданғанын атап өткен жөн.
Осылайша, COVID-19 қарсы вакцина алғаннан кейін аурулар дамыған адамдарға өтемақы төлеу фактісі олардың вакцинациямен байланысы барын дәлелдемейді. Таиланд билігі азаматтардың өтініштерін тергемей, жүгінгендердің барлығына өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады. Осы принцип бойынша, бұл елде ешқандай тексерусіз өздерін медициналық қателіктің құрбаны болдым деп санайтындарға төлемдер жасалады.