Fake News

Қазақстан коронавирус туралы фейктер аз тараған елдер қатарында

Америкалық Тропикалық медицина және гигиена журналында (AJTMN) COVID-19 туралы жалған ақпарат тарату картасы жарияланды. Зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан басқа елдерге қарағанда халқы фейк ақпараттар жасап, тарата қоймайтын мемлекеттер қатарына жатады.

Ғалымдар 2019 жылдың 31 желтоқсанынан 2020 жылдың 5 сәуіріне дейін әлеуметтік желілерде және веб-сайттарда таратылған 2300-ден аса фейк ақпаратқа талдау жасады. Әлеуметтанушылардан, медицина қызметкерлерінен және эпидемиолог мамандардан құрылған команда негізінен ағылшын тіліндегі ақпаратты бақылаған, бірақ өзге елдердегі хабарламаларды талдау үшін GOOGLE-аудармашыны қолданған. Әрбір даулы жағдай жалпы талқылауға шығарылып отырды. Жалған ақпарат тарату картасы осы материалдардың негізінде жасалды. Мемлекеттің түсінің күңгірт болуы осы елде коронавирус туралы фейк көп тарағанын білдіреді.

Зерттеушілердің есептеуінше, фейк ақпарат АҚШ пен Үндістанда, Ұлыбританияда, Қытайда, Индонезияда және Испанияда ең көп тараған. Бұл мемлекеттер картада қызыл түспен белгіленген.
Ал Швейцария, Ботсвана, Швеция және Жаңа Зеландияда фейктер ең аз тараған. Бұл елдер ақшыл түспен боялған.

Қазақстан аумағы картада ашық қызғылт-сары түспен көрсетілген. Демек, ғалымдардың пікірінше, қазақстандықтар коронавирус туралы жалған ақпарат таратуда белсенді болмаған.

Ғалымдар хабарламаларды қауесет, келісу теориясы және стигма (таңба) сияқты бірнеше типке бөлген. Графикада көрсетілгендей, Қазақстанда COVID-19 байланысты стереотиптер туралы жалған ақпарат таратудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген.

 

Жалпы, зерттеушілер 87 мемлекетте 25 тілде 2311 жалған ақпарат таратылғанын анықтады.
Жалған ақпарат негізінен вирустың шығуына, таралу жолына және оны емдеу тәсілдеріне қатысты болған.

«Біз үкіметтерге және халықаралық денсаулық сақтау ұйымдарына өз сайттарында ғылыми деректермен және зерттеулермен расталатын COVID-19 туралы шынайы ақпаратты жариялауды жалғастыруды ұсынамыз. Деректерді тексерумен айналысатын ұлттық және халықаралық агенттіктер қауесеттерді әшкерелеп қана қоймай, әлеуметтік желілерде шынайы ақпаратты таратуда белсенділік танытуы керек»,- делінген есеп қорытындысында.

Басқа жаңалықтар

Back to top button