Фейк: «Балалы болу үшін лицензия алу қажет»
Қазақстандықтар жақын арада бала туу үшін лицензия алуы қажет болады деген хабарды талқылауда. Ресейлік белсенді Ирина Бергсет осындай теорияны алға тартуда. Оның айтуынша, бала тууға рұқсат БҰҰ бастамасымен беріледі, сондай-ақ ерлер де бала көтере алатындай әйелдердің жатырлары алына бастаған. Бұл өтірік.
Ирина Бергсет бірнеше жыл бұрын норвегиялық күйеуімен қатты жанжалдасып, соттасқаннан кейін танымал болды. Норвегия азаматымен үш жыл некеде тұрғаннан кейін ресейлік әйел балаларға қамқорлық ету бойынша дау шығарған. Нәтижесінде, бірінші некеде туған үлкен баласын ғана Ресейге алып кетеді. Норвегия азаматы болған кіші ұлын ел билігі әкесімен бірге қалдырады, сондай-ақ, норвегиялық БАҚ-тың хабарлауынша, Бергсет «кіші ұлының әкесінің қасында болғаннан, өлгені артық» деп мәлімдегендіктен, оларға күзет қойылған. Иринаның өзі мұны баланың әкесі «азғын адам» деп түсіндірді. Айта кетейік, Норвегия билігі тергеу жүргізіп, бұған ешқандай дәлел таппаған.
Ресейде қорғаншылық құқығы үшін күрестің танымал болғаны сонша, Ирина Бергсет «Орыс аналары» қоғамдық бірлестігін құрып, бүкіл ел бойынша көптеген шерулер өткізе бастайды.
Қазір белсенді өз қызметін жалғастыруда. Атап айтқанда, ол цифрлық құлдықпен және БҰҰ-ның белгілі бір жоспарларымен күресуге үндейді.
Қазақстандықтар талқылап жатқан видеода ол Біріккен Ұлттар Ұйымы арнайы лицензиясы бар адамдарға ғана балалы болуға рұқсат бере отырып, бала тууды шектеуді жоспарлап отыр деп мәлімдейді.
Сонымен қатар, БҰҰ-ның 2020 жылы жарық көрген «Фертильділік және әлемде отбасын жоспарлау» құжатында бұл туралы ештеңе жазылмаған.
Сондай-ақ, Бергсет балаларды жатырсыз дүниеге әкелуге мүмкіндік беретін инновациялық технология туралы айтады. Оның айтуынша, дәрігерлер онкология және басқа ауруларды желеу етіп, әйелдердің органдарын кесіп алып, оларды ер адамдарға ауыстырып салады.
Бұл тұжырым шындыққа сай емес. 2020 жылы Желіде дәрігерлер жатырсыз туған әйелдерге донорлық орган трансплантациялауды үйренді деген хабарламалар тараған. Трансплантация қайтыс болған донорлармен және тек әйелдерге ғана жасалды. Мұндай жаңалық жер популяциясын азайтуға емес, керісінше, бұрын баласы болмаған адамдарға бала сүюге мүмкіндік беруге бағытталған.
Демек, БҰҰ ата-ана болуға лицензия енгізуді және әйелдерді алдап, олардың ұрық дамитын мүшесін алуды жоспарлауда деген пікірлер шындыққа жанаспайды.