Фейк: «Балағат сөздер ДНҚ-ны бұзады»
Қазнетте эпигенетик ғалымдар балағат лексиканың ДНҚ-ға теріс әсерін дәлелдегені туралы ақпарат тарады. Балағат сөзді көп айтатындар мен оның бәрін еститіндердің гендері зақымдалады және оны түзету мүмкін емес екен. Мұның бәрі дәлелсіз және ғылымға қайшы.
Балағат сөздер ДНҚ-ға әсер етуі мүмкін деп алғаш рет әйгілі ресейлік псевдоғалым Петр Гаряев айтқан боалтын. Оның пікірінше, ДНҚ – бұл толқын, ал дыбыс – электромагниттік тербеліс, бұлардың бірі екіншісіне әсер етуі мүмкін екен. Гаряев ұсынған осы және басқа теориялардың эксперименттік дәлелі жоқ.
Ал 2016 жылы Астрахан облысы Мемлекеттік бюджеттік мекемесінің «Медициналық профилактика орталығы» эпидмониторинг бөлімінің бастығы Екатерина Одинцованың мақаласы шықты. Ол «Сөйлеу мәдениеті қоғамның моральдық және физикалық денсаулығын реттеуші ретінде» деп аталды. Онда Одинцова балағат сөз айту жаман қылық, бірақ белгісіз бір себептермен ерлерге қарағанда әйелдер үшін өте нашар. Сондай-ақ ол балағат сөздердің ағзаға кері әсерін дәлелдейтін үш зерттеудің нәтижелерін келтірді. Алғашқы екеуінде зерттеушілер өсімдік тұқымын балағаттаған, нәтижесінде олар өсіп- өнбей қалады. Басқа тұқымдарға, керісінше, жағымды сөздер мен дұғалар айтылған, олар мол болып шықты. Үшінші зерттеуде балағат сөз айтпайтын адамдар ұзақ өмір сүретіні анықталған. Өкінішке орай, Одинцова сүйенген зерттеу атауларын да, сілтемелер де қалдырмаған. Эксперименттердің қалай жүргізілгені және олардың қаншалықты сенімді екендігі мүлдем түсініксіз. Атап айтқанда, мұндай жұмыстарға қаншалықты сенуге болатынын түсіну үшін өсімдіктердің жарық, температура, топырақ сапасы және суару сияқты өсу жағдайлары бірдей болғанын нақтылау қажет. Адамдарға қатысты экспериментке келетін болсақ, кем дегенде қатысушылардың саны, олардың анамнезін, зерттеудің ұзақтығы мен әдістері сияқты деректерді білген жөн.
Жоғарыда келтірілген ақпаратсыз аталған зерттеу нәтижелерін нақты ғылыми фактілер немесе өміршең гипотезалар деп санауға болмайды.
«Аңыздарды әшкерелеушілер» телебағдарламасында (MythBusters – ағылш.) өсімдіктерге қатысты тәжірибе қайталанды. Түсірілім алаңында екі жылыжай орнатылып, барынша ұқсас жағдай жасалды. Бір жылыжайда мадақтау және жылы сөздер, ал екіншісінде балағат, қарғыс сөздер айтылды. Нәтижесінде жылыжайларда өсімдіктердің өсуі бойынша айтарлықтай айырмашылықтар болған жоқ.
Биология ғылымдарының кандидаты, ғылыми журналист, жазушы және ғылымды насихаттаушы Александр Панчин де ДНҚ-ны балағат сөздермен бұзу мүмкін емес деп мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл мүмкін болса, ғалымдарға ДНҚ-ны «кесу» сияқты күрделі әдістерді жасау және зерттеу қажет болмас еді, мысалы, «генетикалық қайшы» деп аталатын CRISPR Cas9. Осы технологияның көмегімен өсімдіктердің жаңа сорттарын шығаруға болады, ал болашақта қазір емделмейтін генетикалық ауруларды емдеуге болады.
Сонымен қатар Қазнеттегі ақпаратта аталған эпигенетика туралы ғылым жайлы айта кеткен жөн. Бұл қоршаған ортаның адам гендеріне әсерін зерттейтін нақты және өте перспективалы ғылым. Эпигенетика, бір отбасындағы балалардың шаштары, дене бітімі және ауруларға бейімділігі неге әртүрлі болатынын түсіндіреді.
Эпигенетика адамдардың ДНҚ-сына балағат лексиканың әсерін мұқият зерттегені туралы ешқандай мәлімет жоқ. Беделді ғылыми журналдарда бұл тақырыптағы еңбектер табылмады.
Демек, Қазнетте тараған балағат сөздер ДНҚ-ға теріс әсері ететіні туралы хабарлама псевдоғылыми және дәлелсіз теория болып табылады, оған сенбеген жөн.