Fake News

Фейк: «Қазақстанда зейнетақы жасы төмендетіледі»

Қазнетте жақын арада елімізде зейнетақы жасы төмендейді деген қауесет тағы да тарады. Тиісті заң жобасын 5 ақпанда парламентшілер екінші оқылымда мақұлдаған екен. Бұл – фейк.

«Политические будни» YouTube-арнасындағы видеода Қазақстанда зейнетақы жасын төмендету туралы айтылады. Автордың мәлімдеуінше, 2021 жылдың 1 наурызынан бастап ер адамдар 60 жаста, әйелдер 55 жаста, ал бес және одан көп баласы бар аналар 52 жаста зейнеткерлікке шығады. ҚР Парламентінің ресми сайтында мұндай заң жобаларын бекіту туралы ақпарат жоқ. 
Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде зейнеткерлік жастың төмендеуі туралы ақпаратты бірнеше рет теріске шығарған болатын.
– Қазақстанда белгіленген зейнеткерлік жас халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеулердің нәтижелері мен ұзақ мерзімді болжамдарға негізделген. Қазақстандағы зейнетақы жасы халықаралық тәжірибеге, әлемдегі экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес келеді. Сондықтан Қазақстанда зейнетақы жасын өзгерту туралы мәселе қаралмайды,деп хабарлады биылғы жылдың 27 қаңтарында министрліктің баспасөз хатшысы Александр Кононец Tengrinews басылымына.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерлер 63 жаста, әйелдер 60 жаста құрметті демалысқа шығады. Бұл ретте әйелдер үшін зейнеткерлік жас 2027 жылға дейін 10 жылдың ішінде жыл сайын 6 айға артып отырады.
Бұған дейін StopFake.kz Қазақстанда зейнеткерлік жастың төмендеуі туралы жалған хабарламаларды бірнеше рет жоққа шығарған болатын.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button