Желіде көпбалалы отбасыларды сынға алған ескі фейк қайта тарады
Қазақстандықтар көп балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету туралы дөрекі сөйлеген бір әйелдің аудиожазбасын таратуда. Кейбір қолданушылардың пікірінше, хабарламаны ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова жазған. Бұл олай емес.
Аудио жазба 2019 жылдың наурыз айында көп тараған. Сол кезде сенатор Әйтімованың өзі бұл жазбаға қатысы барын жоққа шығарған болатын.
– Мен олай ойламаймын, өйткені өзім көп балалы отбасынан шыққанмын, біз отбасыда төрт баламыз. Бұл жазбаның маған еш қатысы жоқ. Айтқан да емеспін, ойлаған да емеспін. Бұл мүмкін емес. Ашуым кеп тұр. Мен оның кім екенін, не үшін және кімге керек екенін білмеймін, түсінбеймін. (…) Мен өзім көпбалалы отбасынан шыққанмын, балаларым бар, жазбада айтылған сөздерді қолданбаймын», – деді Бірғаным Әйтімова Tengrinews тілшісіне берген сұхбатында.
Кейін Сенат депутаты полицияға жүгінді. Сараптама вирустық аудиожазбадағы дауыстың Бірғаным Әйтімованікі еместігін растады. Көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті ҚК-нің 274-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.