Қостанайда Политехникалық колледж студенттері мен оқытушыларына дауыс беру бюллетендері таратылған жоқ
Facebook-те Қостанай Политехникалық колледжінде студенттер мен оқытушылар 10 қаңтарда бірнеше рет дауыс беру үшін бюллетеньдер алуы тиіс деген хабарлама жарияланды. Облыстық сайлау комиссиясы бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
Facebook-тегі пост авторы Политехникалық колледждің директоры Құсайын Каткенов мұғалімдерге тұрғылықты жері бойынша және колледжде дауыс беру үшін бюллетеньдер таратып беруді тапсырғанын айтқан.
Облыстық сайлау комиссиясы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді.
«Қостанай Политехникалық колледж ғимаратында № 30 сайлау учаскесі орналасқан. «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы 37-бабының 3, 5-тармақтарына сәйкес бұл учаскенің учаскелік сайлау комиссиясы сайлау бюллетеньдерін 2021 жылғы 8 қаңтарда алды. Сайлау бюллетеньдері сайлау комиссиясының сейфінде, ол мөрленіп, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен күзетілуде.
Политехникалық колледж директоры К. А. Каткеновтың учаскелік сайлау комиссиясының жұмысына ешқандай қатысы жоқ, сайлау бюллетеньдерін де ала алмайды. Колледж оқытушылары мен студенттері қашықтан білім алуда және өздерінің тұрғылықты жерлері бойынша орналасқан», – делінген облыстық сайлау комиссиясының ресми жауабында.