Фейк: «Балаларды жаппай вакцинациялау үшін жақын арада мектептерге қайтарады»
Қазнетте оқушыларды мектепке қайтару туралы хабарламалар талқылануда. Бірақ мақсат – оқу процесін жақсарту емес, жаппай егу және жыныстық сауаттылықты үйрету. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Жыл соңына дейін дәстүрлі оқыту форматына толық көшу туралы мәселе қаралып жатқан жоқ.
– Желтоқсан айында эпидемиологиялық жағдайды қадағалайтын боламыз. Соған байланысты балаларды мектепке қайтару туралы мәселе көтеріледі. Әзірге ол қарастырылып жатқан жоқ. Өйткені кейбір аймақтарда жағдай күрделі. Қалай болғанда да, дәстүрлі оқуға оралу тек эпидемиологиялық ахуалға байланысты болады, – деп хабарлады Комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Қазақстанда оқушыларды жаппай мәжбүрлі вакцинациялау да жоспарланбаған. 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, Қазақстан Республикасының кез келген азаматы «емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық екпелер жасауға хабардар етілген келісім беруге немесе бас тартуға» құқылы.
Қазақстандық мектептерде «жыныстық тәрбие» немесе «репродуктивті денсаулық» пәндері жоқ. Білім және ғылым министрлігі оларды бағдарламаға енгізуді жоспарлап отырған жоқ.