Фейк: “Қазақстанда оқушыларға сабақта гейлер мен жезөкшелік туралы айтады”
Қазнет пайдаланушылары мектеп бағдарламасына жаңа «репродуктивті денсаулық» пәні енгізілгені туралы таратылымға алаңдаушылық білдіруде. Кейбіреулерінің пікірінше, алты жастан бастап балаларға контрацепция, түсік тастау, бір жыныстық махаббат және жезөкшелік туралы айтады. Шын мәнінде, қазақстандық мектептерде ондай пән оқытылмайды.
ҚР Білім министрлігі жаңа пән туралы қауесетті жоққа шығарды. Желіде жазылып жүрген «еуропалық жыныстық білім беру стандарттарын» Қазақстанда енгізу жоспарланып отырған жоқ.
– Білім алушылардың репродуктивті денсаулық және гигиеналық тәрбие туралы білім алуы «Химия», «Биология», «Өзін-өзі тану», «Тіршілік қауіпсіздігі негіздері» пәндерінің мектеп бағдарламасы шеңберінде қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, орта білім беру ұйымдарында балалар мен жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын нығайту «Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне, Қазақстан Республикасындағы адамгершілік-жыныстық тәрбие жөніндегі тұжырымдамаға және Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес іске асырылады, – делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ, министрлік мектеп оқушыларымен осындай тақырыпта әңгімелесу үшін медицина қызметкерлері, психологтар, гинекологтар тартылатынын атап өтті.
Мектептерде кәмелетке толмағандардың репродуктивті денсаулығын сақтау, адамгершілік-жыныстық тәрбие мен білім алуға құқығын сақтау үшін мектептің медицина қызметкерлері, пән мұғалімдері мен сынып жетекшілері жауапты. Ол үшін оқушылардың жынысын, жасын, психофизикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып, тиісті оқу бағдарламалары әзірленді.
Сонымен қатар, сынып сағаттары мен кейбір бейінді пәндер барысында оқушыларға салауатты өмір салты, алкоголь ішу, есірткі заттарын қабылдау, темекі шегудің зияны туралы айтылады.