Фейк: «Жер бетінде 7 миллиардтан аз адам тұрып жатыр»
Қазақстандықтар планетамызда адамдардың тым көп болуы әлемдік қастандықтың бір бөлігі екендігі туралы бейнежазбаны талқылауда. Роликтің авторының айтуынша, Жер бетінде іс жүзінде ресми статистикада айтылғаннан гөрі аз адам өмір сүреді. Бірақ нақты сан аталмайды. Бұл олай емес. Неге? Мақаламыздан оқыңыз.
Танымал қазақстандық Telegram-арналардың бірінде пайдаланушылар «Крамола» YouTube арнасында жарияланған видеоны талқылауда. Арна жер жалпақ, 300 жыл бұрын болған ядролық соғыс пен адамзат пайда болғанға дейін жерді мекендеген атланттар сияқты мифтік өркениеттер туралы теорияларды «дәлелдейтін» видеоларымен танымал.
Пікірталас тудырған бейнероликте автор планетамыздағы халықтың ресми саны бірнеше есеге аз екенін және статистикаға сенбеуге шақырады. Бұған дәлел ретінде ол «Ресей Федерациясының АХАЖ бөліміндегі орталық сараптамалық орталық» қызметкері Екатерина Улитинаның сөздерін келтіреді.
2010 жылы ол Ресейде тек 89,6 миллион адам тұрады деп мәлімдеген, ал ресми статистикада 146 миллион деп көрсетілген. Бұл ретте ешқандай ресми есептеулер, кестелер, дәлелдер мен нәтижелері ұсынылған жоқ. Желіде де Екатерина Улитина туралы да жазылмаған. Оның үстіне, ресми мәліметтер бойынша «АХАЖ бөліміндегі Орталық сараптамалық орталық» деп аталатын бөлім де жоқ.
Бұл ақпараттың фейк екендігінің белгісі. Оны тексеру мүмкін емес. Баспасөзде де, желіде де сенсациялық мәлімдеме жасаған Екатерина Улитинаның суреті де, видеосы да жарияланбаған.
Сонымен қатар, ақпарат шын болған жағдайда, бұл бүкіл әлем халқы туралы қорытынды жасауға негіз бола алмайды.
Қытайда, АҚШ-та және Үндістанда статистикаға қарағанда аз адамдар өмір сүретінін дәлелдеу үшін видео авторы «астық индексін» келтіреді және елде бір адамға жылына бір тонна астық егіледі деп мәлімдейді. Демографиялық көрсеткіштерді есептеудің бұл тәсілі әлемде кеңінен танылмаған және нақты бола алмайды. Сенімді есептеулер алу үшін көптеген елдерде сәтті қолданылып жүрген арнайы формулалар жасалған.
БҰҰ-ның халық саны қоры жыл сайын Жер халқын бақылап отырады. Ресми және сенімді статистиканы жинау үшін ол БҰҰ-ның басқа ұйымдарымен және халықаралық көші-қон ұйымымен, БҰҰ Босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментімен, БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымымен, халықтың анықтамалық бюросымен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен, Дүниежүзілік банкпен, ЮНЕСКО статистикалық институтымен және басқалармен ынтымақтастық орнатқан. Сонымен қатар мәліметтерді түрлі елдердің үкіметтері мен үкіметтік емес қауымдастықтары ұсынады.
Статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, ғалымдар демографиялық болжам жасайды. Олар осы жүзжылдықтың ортасында адамзат бала туу шыңына жетеді деген ортақ пікірде. Ал 21 ғасырдың соңында халық саны табиғи түрде төмендейді. Осылайша, бұл есептеулер Жер халқының бір бөлігін жасанды түрде азайту қажеттілігі туралы ақпаратты жоққа шығарады, демек, әлемдік үкімет «геноцидті» ақтау үшін статистиканы асырып отыр деген теория да шындыққа жанаспайды.