Fake News

Алаяқтар жалған ұтыс ойындары мен сауалнамаларды қалай өткізеді

Желіде ұтыс ойынына қатысу немесе ақшаға сауалнамадан өту туралы ұсыныстарды бәрі де көрген болар. Көбінесе мұндайды алаяқтар ұсынады. Мұндай схемалар қалай жұмыс істейтінін және оларды қалай дер кезінде тануға болатынын айтып береміз.

 

Негізгі мәні неде?

Сауалнамалар мен ұтыс ойындары арқылы жасалатын алаяқтық схемалар бір-біріне ұқсас түрде жұмыс істейді. Алаяқтар әлеуметтік желілерде танымал брендтің атынан қымбат сыйлықтар ойнатылады деген хабарландыру жариялайды. Жазбаға «ұтыс ойынына» сілтеме тіркейді. Қатысушы бірнеше әрекет жасайды – мысалы, «дөңгелекті айналдырады» немесе кездейсоқ нөмірді таңдайды – содан кейін қомақты ақша немесе бағалы сыйлық ұтқаны туралы хабарлама шығады.

Сауалнама жүргізгенде де осылай болады. Алаяқтар әлеуметтік желіде танымал бренд атынан ақылы сауалнама өтетіні туралы жарнама таратады. Қатысушы сілтеме бойынша өтіп, бірнеше қарапайым сұраққа жауап береді, сосын оған ақшалай сыйақы ұсынылады.

 

Алаяқтар бұдан қалай пайда табады?

Екі негізгі жолы бар:

  • Фишинг
    Жеңімпаз болған адамнан «сыйлықты алу үшін» банк картасының деректерін енгізу сұралады. Бұл жалған сайт, оның көмегімен алаяқтар карта нөмірін, жарамдылық мерзімін және CVC кодын алады. Осы деректер арқылы олар жәбірленушінің картасындағы ақшаны ұрлайды.
  • «Комиссия» төлеу
    Алаяқтар жүлдені алу үшін белгілі бір мөлшерде комиссия төлеуді сұрайды. Ақша аударылғаннан кейін, олар байланысқа шықпай қояды және ешқандай «ұтыс» болмайды.

Олай болса, Желідегі барлық сауалнамалар мен ұтыс ойындары жалған ба?

Жоқ. Интернетте нақты ұтыс ойындары мен ақылы сауалнамалар өткізіледі.

Шынайы ұтыс ойынын жалғанынан қалай ажыратуға болады?

Біріншіден, ұтыс ойыны танымал брендтің немесе танымал адамның атынан жүргізілсе — олардың ресми аккаунттарын немесе сайттарын тексеріңіз. Егер мұндай ақпарат ресми дереккөздерде жоқ болса — бұл фейк.

Екіншіден, брендтің немесе блогердің танымалдылығын арттыру үшін қымбат смартфондар, автомобильдер немесе үлкен ақша сияқты бағалы сыйлықтармен ұтыс ойындары өткізіледі. Мұндай ұтыс ойындары қоғамда белсенді түрде жарнамаланады, ал финалы жүргізушілермен және қалың көрерменмен нағыз шоу сияқты ұйымдастырылады. Егер сізге үйде жатып-ақ миллион теңге ұттыңыз десе және оны құпия түрде картаңызға аударуды ұсынса — бұл алаяқтық болуы мүмкін.

Ақша төленетін сауалнамалар бола ма?

Иә, компаниялар Желіде тұтынушылардың пікірін жинайды. Мұндай сауалнамалардың мынадай белгілері болады:

  1. Олар туралы ақпарат брендтің ресми сайтында немесе әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланады.
  2. Сауалнамаға кез келген адам емес, мақсатты аудитория қатыса алады: мысалы, жас аналар, студенттер, көлік иелері, үйде жануарлары барлар және т.б.
  3. Сауалнамадан өткеніңіз үшін ақша төленетін болса, ешқандай «комиссия» талап етілмейді.

Алаяқтарға алданбас үшін не істеу керек?

Банк картасының CVC/CVV кодын ешкімге айтпаңыз. Карта мерзімін де құпия ұстаңыз — ол кейбір төлем жүйелерінде бірнәрсе сатып алу үшін ол да жеткілікті болуы мүмкін.

SMS арқылы келетін растау кодтарын үшінші тұлғаларға ешқашан бермеңіз. Жеке аккаунттарыңыздың, соның ішінде электрондық пошта мен мобильді банкингтің логиндері мен құпия сөздерін құпия сақтаңыз.

Ең бастысы — жеңіл ақша болмайтынын есте сақтау керек. Интернетте ешкім миллиондарды тегін таратпайды және қарапайым сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін қомақты қаржы төлемейді.

Жақында Kaspi.kz алаяқтарға қарсы науқаны аясында осындай «сауалнамалар» мен «ұтыс ойындарын» ұйымдастыратын алаяқтар туралы жаңа бейнеролик шығарды. Қалай жұмыс істейтінін көріп алыңыз.

Естеріңізге сала кетейік, Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен адамдар алданып қалмас үшін жиі кездесетін алаяқтық схемалары туралы бейнероликтер түсірді. Жаңа видеолар әр екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми Youtube арнасында жарияланып отырады.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button