Fake News

Дәлелсіз: «Зімбір бүйректегі құм мен бауырдың айналасындағы майды ерітеді»

Әлеуметтік желілерде барлық ауруларды емдеуге арналған түрлі рецептілер жариялануда. Instagram-да зімбір шайын ішуге кеңес берілген. Ол бүйректегі құмды кетіреді. Ерекше сусын бауырдың айналасындағы майды да ерітеді екен. Зімбірдің осындай қасиеті бар ма екен, анықтайық.

Зімбір ең көне дәмдеуіштердің бірі. Мыңдаған жылдар бұрын оны Оңтүстік-Шығыс азиялықтар өсіре бастаған. Зімбірдің сергітетін, қызуды басатын және тазартқыш құрал ретіндегі қасиеті туралы ежелгі парсы, қытай және үнді медициналық трактаттарында жазылған.

Зімбірдің тамырында дәрумендер, минералдар, пайдалы май қышқылдары мен эфир майлары көп. Магний, фосфор, кальций, мырыш, хром, калий, темір, А, В1, В2, В3, С, Е, К дәрумендері бар.

Джонс Хопкинс медицина мектебінің ресми сайтында жарияланған мақалада зімбірдің денсаулыққа пайдасы келтірілген.

Ол ас қорытуға жақсы ықпал етеді, сондықтан тамақ ішекте ұзақ тұрмайды. Бұл зімбір тамырының табиғи компоненті – гингеролға байланысты. Өсімдік заты асқазан-ішектік трактінің жиырылуын (перистальтика) жақсартады, ашуды, іш қатуды азайтады және іш кебудің басқа себептерін жояды.

Зерттеулер оның жүрек айну кезіндегі тиімділігін растайды. Америкалық Акушерлік және гинекология академиясы оны жүктілік кезінде қолдануға кеңес береді, тек жүктідіктің соңғы айларында ғана болмайды. Ал онкологиялық науқастармен жұмыс істейтін дәрігерлер химиотерапия кезінде зімбірді тұтынуды ұсынады.

Зімбір тамыры суыққа көмектеседі. Иран ғалымдарының зерттеуіне сәйкес, бұл мұрын бітелуін азайтады және тамақ ауруын жеңілдетеді.

Ал 2017 жылғы зерттеу бұл өсімдіктің жүрек-қан тамырлары жүйесіне оң әсер ететінін растайды. Зімбір қанды сұйылтады, қысымды төмендетеді және жүректі ишемиялық аурудан қорғайды.

Ғылым оның бактерияға, вирусқа және қабынуға қарсы әсерін дәлелдеді.

Бірақ зімбірдің бүйректегі құмды ерітіп, бауырдың айналасындағы майды кетіретінін растайтын бірде-бір ғылыми зерттеу жоқ.

Кез келген өсімдік құралы сияқты, зімбірді де сақтықпен тұтыну керек екенін ұмытпаған жөн. АҚШ-тың Ұлттық қосымша және интегративті денсаулық орталығының мәліметтері бойынша, бұл ішкі қан кетуге, өт тастарының қалыптасуына, жүрек проблемаларына әкеп соқтырады, сондай-ақ қысымды айтарлықтай төмендетеді. Зімбірді жесеңіз іште ыңғайсыздық, асқазанда қыжыл, диарея және басқа да жанама әсерлер болуы мүмкін.

Зімбір – пайдалы өнім, бірақ ол дәрі емес және дәрігерге барып, тағайындалған емді алмастыра алмайды. Зімбірді көп мөлшерде тұтыну белгілі бір аурулар болған кезде зиян тигізуі мүмкін. Интернеттегі халықтық әдістерге емес, дәлелденген медициналық әдістер мен мамандардың кеңестеріне сүйенген жөн.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button