Жалған: «2025 жылы миллиард адам жұқтыратын жаңа вирус пайда болады»
Әлеуметтік желілерде жаңа індет туралы видео таралуда. 2025 жылы шығатын вирус СПАРС деп аталады. Оны миллиард адам жұқтырады, басым бөлігі балалар болады екен. Бұл жалған.
Жаңа вирус туралы айта келе, видео авторы Джонс Хопкинс денсаулық орталығының ақпаратына сүйенеді. Біз бұл жарияланымды таптық. Оның шыққанына 6 жылдан асқан. Онда 2025-2028 жылдары пайда болатын ойдан шығарылған SPARS вирусы туралы айтылады. Бұл қоғамдық денсаулық сақтау қызметкерлеріне арналған оқу-әдістемелік құралы. Онда дәрігерлерді жаппай эпидемияға дайындау үшін ойдан шығарылған сценарийлер жазылған. Қоқу құралының негізгі мақсаты – мамандарға инфекцияның барлық ықтимал қауіптері туралы жеткізу.
Сондай-ақ, видеода Дүниежүзілік банк, ДДҰ және Ақ үй туралы айтылады. Алдағы пандемия солардың ісі екен. Ақ үйдің де, ДДҰ-ның да сайтында алдағы пандемияға дайындық жүріп жатқаны туралы ақпарат жоқ. Дүниежүзілік банк коронавирустық инфекциямен күресуге жұмсалған қаражат туралы ғана хабарлайды. Онда СПАРС туралы жаңалықтар жоқ.
Осылайша, видеодағы мәлімдемелер «жаңа СПАРС вирусы» таралатынын растамайды. Бұл оқу-жаттығулар сценарийі үшін ойдан шығарылған атау.