ПТР тест әзірлеуші оның COVID-19 кезінде нәтижесіз екендігі жайлы мәлімдемеген
Әлеуметтік желілерде қолданушылар ПТР тест ойлап тапқан Кэри Муллис бұл жоба вирустарды, соның ішінде COVID-19 тудыратын SARS-CoV-2 анықтау үшін пайдасыз деп мәлімдегені туралы ақпарат таратуда.
Stopfake.kz бұл ақпаратты жоққа шығарады: ғалым ПТР-тест пен COVID-19 арасындағы байланысқа қатысты пікір айтпан – ол 2019 жылдың тамызында қайтыс болды. Ал короновирустың SARS-CoV-2 штаммы алғаш рет 2019 жылдың 31 желтоқсанында анықталды.
ПТР талдаулардың вирустарды анықтай алмайтындығы туралы фейк ақпарат контекстен алынған үзіндіге негізделген. 1996 жылы желтоқсан айында журналист Джон Лауритсен Кэри Муллистен алған сұхбатын жариялады, онда ғалым АҚТҚ және ЖҚТБ туралы ойын айтады.
«Вирустық жүктемені анықтайтын тестілер қандағы вирустардың мөлшерін шынымен есептейді деген жаңсақ түсінікке қарамастан, бұл сынақтар еркін жұқтыратын вирустарды анықтай алмайды; олар тек кейбір жағдайларда АҚТҚ-ға ғана тән деп саналатын ақуыздарды табады. Тест вирустардың өзін емес, олардың генетикалық тізбегін анықтайды. ПТР әдісі – генетикалық тізбекті таңдап, оны көп дәрежеде күшейтуге негізделген. Бұл шөптен ине іздегенмен бірдей. Ол осы шөптегі инені айтарлықтай ұлғайтады. Күшейткіш антенна секілді ПТР сигналды едәуір арттырады», – делінген мақалада.
Осылайша, ПТР талдау әдісі ағзада белгілі бір вирустың болуын анықтауға лайықты. Тесттің бұл түрі COVID-19 анықтаудың ең тиімді жолы деп бірнеше рет айтылды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мәлімдеген.
Айта кетейік, SARS-CoV-2 штаммын анықтау үшін арнайы әзірленген ПТР тестілер басқа вирустарды таба алмайды. Мысалы, адам тұмаумен ауырса, бірақ оның ағзасында коронавирус болмаса, онда COVID-19 анықтау үшін жасалған ПТР сынағының нәтижесі теріс болады.
– ПТР тест – вирустың бар-жоғын анықтауға арналған нақты диагностикалық әдіс. Тағы бір әдіс, ИФА – бұл вирустың антиденелері бар-жоғын анықтайтын ағзаның иммундық реакциясын бегілейді. ПТР тесті кезінде бәрі биоматериалды алу мерзіміне байланысты. Оны анықтау үшін ағзада вирустың репликациясы жеткілікті болуы керек, яғни вирус көбею керек. Екіншісі – орындалу мерзімі. Егер пневмонияның рентгенологиялық суреті болса, онда бұл вирустың төменгі тыныс алу жолдарына өтуінің және жұтқыншақтан алынған талдау вирустың болуын көрсетпеуі мүмкін. Бұл жағдайда иммуноглобулиндерді, вирусқа антиденелердің барын анықтау үшін ИФТ-тестті қолдануға болады, – дейді Ұлттық Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының директоры Жанар Сүлейменова.
Бұған дейін StopFake.kz ПТР-тесттің жұмысы жайлы жазып, олардың нәтижесіздігі туралы мифті әшкерелеген болатын.
Кэри Муллис 1985 жылы ПТР талдау әдісін ойлап тапқан. 1993 жылы ғалым бұл жаңалығы үшін химия саласында Нобель сыйлығын алды.