Медициналық фейктер

Фейк: «Кинза мен ақжелкен ағзадан ауыр металдарды шығарады»

Telegram чаттарында ақжелкен мен кинза коктейлінің көмегімен ағзадан ауыр металдарды шығаруға болатындығы туралы ақпарат тарады. Бұл рас па? Анықтайық.

Ағзадан ауыр металдарды шығаруға келсек, алдымен ауыр металдардың не және оларды ағзадан шығару керек пе екенін білу маңызды.  Ауыр металдарға темір, қорғасын, кадмий, сынап, хром, мыс, мырыш, никель, селен, күміс , марганец, мышьяк және басқалары жатады.  Олардың кейбіреулері, мысалы, мыс, темір және мырыш біздің ағзамызда аз мөлшерде болады, бұл қалыпты жағдай. Ал аталған заттардың жетіспеушілігінен денсаулық сыр беруі мүмкін.

Ауыр металдар ағзада тым көп болса және олар улануға әкелсе ғана ағзадан шығарылады. Бұл жағдай байқалмай қалмайды. Ауыр металдармен уланған жағдайда іштің ауыруы, бағыттан адасу, диарея, жүрек айнып, құсу, сусыздану белгілері пайда болады. Ауыр металдар ағзаға ұзақ уақыт әсер еткенде бауыр мен бүйрек зақымданады, мінез-құлық өзгереді, тырнақта көлденең сызықтар пайда болады, сүйектер әлсіреп, сынғыш болады.

Ауыр металдармен улануды анықтау үшін бірқатар талдау алу қажет.

Диагноз расталғаннан кейін ғана емдеуді бастауға болады. Ауыр металдармен улануды емдеу әдістерінің ішінде кинза мен ақжелкенді пайдалану жоқ.

Ғалымдар кинза жапырақтарында теңіз моллюскаларында кездесетін ауыр металдардың деңгейін төмендету қабілетін анықтады. Алайда, бұл зерттеу басқа ғылыми еңбектермен расталмаған және кинза адамдарды емдейді деп айтуға негіз жоқ.

Ақжелкеннің ағзадағы артық ауыр металдардан арылуға көмектесетін қасиеті ғылымға белгісіз. 

Кинза да, ақжелкен де, көктің басқа түрлері де сабақтар мен жапырақтарда жердегі ауыр металдарды жинайды. Яғни, егер көк шөп топырақта сынап, қорғасын, никель немесе басқа заттар көп болған жерде өссе, оны қолдану уланудан емдемей, керісінше жағдайды ушықтыра түседі.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылайтын болсақ, көктен жасалған коктейльдердің ауыр металдармен улануды емдейтіні дәлелденбеген. Сонымен қатар, көк шөптің өзі бұл зиянды заттарды топырақтан сіңіреді, оларды сабақтарында және жапырақтарында сақтайды, яғни оларды жеу қауіпті болады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button