Фейк: «ДЭФ түс арқылы түпсананы бұза алады»
Instagram-да ДЭФ түс арқылы адамның түпсанасын бұза алады деп жазуда. Бұл түстерді мақсатты инкубациялау (targeted dream incubation немесе TDI) арқылы жасалады екен. Хабарлама авторының айтуынша, енді белгілі бір элита түске еніп, түпсананы қопарып, адамның мінез-құлқына әсер ете алады. Ірі корпорациялар қазірдің өзінде түс арқылы қарапайым адамдардың тәртібін басқарады. Бұл жалған.
TDI әдісі – түстерді мақсатты инкубациялау деген бар. Алайда, ол арқылы ешкім адамның сана-сезімін бұзбайды және мінез-құлқына әсер етпейді.
TDI-ды Media Lab-тың Fluid Interfaces тобының зерттеушілері әзірлеген. Оған әртүрлі университеттердің ғалымдары, соның ішінде Массачусетс технологиялық университетінің (MIT) ғалымдары кіреді. Олардың жобасының Дүниежүзілік экономикалық форумға (ДЭФ) ешқандай қатысы жоқ.
Түстерді мақсатты инкубациялау – бұл есту стимуляциясы арқылы түстерді белгілі бір тақырыптарға бағыттайтын әдіс. Dormio құрылғысы арқылы ұйқының ерекше кезеңі – гипнагогия бақыланады. Бұл адам бірте-бірте сергек күйден терең ұйқыға бататын жағдай. Гипнагогиялық жағдайдың ерекшелігі – бұл фазада мида сыртқы тітіркендіргіштерге, мысалы, дыбыстар мен иістерге сезімталдық сақталады, бірақ ұйқыға кеткендей күйде болады.
Түстерді мақсатты инкубациялау дәл осы гипнагогия кезінде жүргізіледі. Осы кезеңнің басталуы қадағаланып, бірер уақыттан кейін аудиожазба арқылы адамды көрген түсі туралы айтуы үшін оятады. Содан кейін жүйе адамның ұйқысын осы сөздермен байланысты тақырыпқа бағыттауға көмектесетін белгілі бір сөздер туралы ойлауы үшін дыбыстық сигнал береді. Осыдан кейін адам қайтадан ұйықтап кетеді, ал біраз уақыттан кейін аудио жазба оны жаңа түстерін айтып беруге оятады.
Түстерді инкубациялау әдісі арқылы ғалымдар адамның санасын зерттей алады. Түстер шығармашылықпен, эмоциялармен және есте сақтаумен байланысты деп саналады және оларды зерттеу шығармашылықты арттырады. TDI түстер арқылы ақпарат алуға және түнде жаман түс көрумен күресуге мүмкіндік береді.
Түстердің мақсатты инкубациясы сыра қайнату компаниясының өнімдерін жарнамалауда бір рет қолданылған. Ол үшін арнайы дыбыстық стимуляторлары бар фильм түсірілді, ол сегіз сағат бойы, яғни ұйықтаған уақытта адамның санасында белгілі бір суретті – сусынның жарнамасын қалыптастырды.
Бұл жарнамалық науқанға психолог және түстер бойынша сарапшы доктор Барретт қатысты. Оның айтуынша, қатысушылар түсінде қайнар бұлақтар, таулар, сарқырамалар, тіпті сусынның өзін көрген. Кез келген адам фильмді өз бетінше қосып, TDI әдісін қолдана отырып, жаңа жарнаманы көрген. Демек, түстер инкубациясы мәжбүрлі болмаған.
Яғни, ДЭФ адамның сана-сезімін оның түсі арқылы бұза алады деген ақпарат жалған. Мақсатты инкубация әдісі арқылы түстер адамның түпсанасын бұзбайды және адамдардың мінез-құлқына әсер етпейді. Сонымен қатар ДЭФ-тің TDI-ға ешқандай қатысы жоқ.