Дәлелcіз: «ДДҰ мен ДЭФ адамзатты басқаруға ұмтылады»
Әлеуметтік желілерде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мен Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) бүкіл адамзатты бақылауға ұмтылатындығы туралы жазылды. Бұған қандай да бір дәлел бар ма? Анықтайық.
ДДҰ әлемнің 193 елінің дипломаттарымен 1948 жылы құрылды. Оның міндеттері әлем бойынша адамдардың денсаулығын сақтау, дәрі-дәрмекке, вакциналарға және заманауи емдеу әдістеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ адамдарды денсаулық сақтау саласындағы қауіптер туралы хабардар ету және олардың алдын алу болып табылады.
Дүниежүзілік үстемдік ету және адамдарға жалпы бақылау жүргізу ДДҰ міндеттеріне кірмейді және ешқашан кірмеген. Ақпараттық хабарламада айтылған «Пандемия туралы келісім» тәуелсіз елдердің конституцияларын жоюға және оларды бағындыруға бағытталмаған. Құжаттың мақсаты – денсаулық сақтау саласындағы қауіп-қатерлерге жедел ден қою алгоритмін әзірлеу және елдер арасында дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтарды тең бөлу.
Осы дәлелдерге қарамастан, қастандық теориясын жақтаушылар ДДҰ туралы Желіде кеңінен таралатын алаңдатарлық хабарламалар ойлап табуда.
Дүниежүзілік экономикалық форумға келсек, оны 1971 жылы неміс инженері Клаус Шваб құрған. Форумның негізгі мақсаттары – тұрақты және прогрессивті қоғам құру үшін кәсіпкерлер, саясаткерлер мен әлемдік көшбасшылар арасында кооперацияны ұйымдастыру.
Ұйымның ресми сайтында көрсетілген жоспарлар мен мақсат-міндеттерінде әлемдік үстемдік құру жоқ. Дегенмен, COVID-19 пандемиясы басталғалы ДЭФ және оның негізін қалаушы Клаус Шваб туралы әртүрлі қауесеттер мен қастандық теориялары таралуда. Олардың ешқайсысы расталмады.
Қорыта айтқанда, ДДҰ мен ДЭФ-тің адамзатты бақылауды жоспарлап отырғанына ешқандай дәлел жоқ. Мұндай пайымдаулар ешқандай негізі жоқ қастандық теориялары болып табылады.