COVID-19-ды лидокаинмен емдеуге бола ма?
StopFake.kz редакциясына жүгінген оқырман бұған дейін біз теріске шығарылған ақпарат шын деп мәлімдеді. Оның айтуынша, доктор Узденовтің рецептісімен COVID-19-ды лидокаинмен емдеуге болады екен. Бұл рас па? Анықтайық.
Ресейлік дәрігер Мурадин Узденов әзірлеген лидокаинмен «емдеу хаттамасын» біз 2021 жылдың наурыз айында жоққа шығардық. Мұндай емнің тиімді екеніне ешқандай дәлел жоқ деп жаздық. Мәселе мынада, Узденов жүргізген тәжірибе аса күмәнді. Біріншіден, ол бірде-бір ғылыми журналда сипатталмаған, сәйкесінше, рецензияланбаған. Екіншіден, оның іріктемесі – бір топта 17 адам, екіншісінде бес адам – өте аз және мұндай зерттеу барысында алынған қорытынды ақпараттық болып саналмайды. Үшіншіден, доктор Узденов зерттеудің қатысушылар да, ғалымдар да еріктілердің әрқайсысының қандай емдеу түрін таңдайтынын білмейтін ғылымда қабылданған стандарттар бойынша жүргізілгенін айтқан жоқ. Егер зерттеуде аталған әдіс қолданылмаса, онда оның нәтижелері біржақты және қате болуы ықтимал.
Алайда, бізге хабарласқан оқырман бұл дәлелдерді сенімсіз деп санап, материалды «жоққа шығарып» редакцияға қайта жолдаған. Онда дәрігер Узденовтің әдісі бойынша лидокаинмен емдеу схемасы жазылған. Ол ақпаратты терістеуге негіз бола алмайды.
2021 жылы әдеттен тыс емдеу әдісі пайда болған кезде дәрігер Узденов осы тақырыпта бірде-бір еңбегін жарияламаған, адамдардың үлкен тобында қосымша зерттеулер жүргізбеген және өзі сипаттаған емнің тиімді екендігіне нақты дәлелдер жинамаған.
Оның үстіне, Қазақстанда және басқа елдерде қолданылатын КВИ емдеудің клиникалық хаттамалары пандемия кезінде айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Олардың барлығы алынған ғылыми дәлелдерге негізделді және тиімді ем-дом жүргізуге мүмкіндік берді. Алайда, дәрігер Узденовке қарағанда, ғылыми негізделген емдеу әдістерін ұстанатын дәрігерлер кез келген науқасты СOVID-19-дан үш күнде емдеп шығаруға болады деп мәлімдемейді.
Демек, фактчекерлер лидокаинмен емдеу тиімсіз деп өтірік айтты деген мәлімдеме жалған. COVID-19 емдеудің мұндай әдісі орынды екеніне дәлелдер 2021 жылы да болмаған, қазір де жоқ.