Фейк: «Билл Гейтс SARS-CoV-2 гибрид штамдарын жасайды»
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әйгілі ғалым Ричард Эбрайт Билл Гейтс пен оның қарамағындағылардың SARS-CoV-2 вирусының жаңа штамдарын ойлап тапқанын дәлелдегені туралы ақпарат таратылуда. Бұл рас па? Анықтайық.
Ричард Эбрайт – Рутгерс университетінің химия және химиялық биология профессоры. Ол коронавирустардың кейбір зерттеулерін сынға алды, бірақ мұның Билл Гейтске жанама ғана қатысы болды.
Ол 2014 жылы EcoHealth Alliance компаниясына берілген Ұлттық денсаулық сақтау институтының гранты арқылы жүргізілген зерттеулерді сынға алды.
Осы грант пен жүргізілген зерттеулер туралы хат 2021 жылы күзде ағылшын тілді БАҚ-та көп шу шығарды. Кейбір адамдар COVID-19 пандемиясын осы зерттеулердің нәтижесі, ал SARS-CoV-2 вирусын олардың қатысушылары ойлап тапты дегенге сенді.
Бұл жалған. Сипатталған зерттеу аясында ғалымдар адамға әсер етпейтін коронавирустармен ғана жұмыс істеді.
Бұл зерттеудің Билл Гейтске жанама қатысы бар. Билл және Мелинда Гейтс қоры EcoHealth Alliance компаниясына грант бергені рас, бірақ коронавирустарды зерттеу үшін емес, ауыл шаруашылығын дамыту үшін. Бұл 2020 жылдың тамызында болды. Яғни, ақпаратта аталған зерттеулер басталғаннан кейін алты жыл өткен соң.
Билл Гейтс Ұлттық денсаулық сақтау институтымен де әртүрлі жобалар бойынша ынтымақтастық орнатты, бірақ институт вирустардың жаңа штамдарын дамытумен айналысқан жоқ.
Қорыта айтқанда, химик Ричард Эбрайт Билл Гейтс Sars-CoV-2 жаңа штамдарын жасайды деп мәлімдеген жоқ. Ол Ұлттық денсаулық сақтау институтының гранты арқылы жеке меншік компания жүргізген коронавирустық зерттеулерді сынға алды. Бұл зерттеу аясында ғалымдар адамға әсер ете алмайтын вирустармен ғана жұмыс істегені және Sars-CoV-2 штаммын жасамағаны дәлелденді. Демек, Қазнетте таралған ақпаратта жалған мәлімдемелер бар.