Дәлелсіз: «2030 жылы әлемде вакцинацияланбаған адамдар болмайды»
Қазнетте 2030 жылы әлемде вакцина алмаған адамдар қалмайды деген теория тарады. Бұл үшін нарыққа 500-ге жуық жаңа препарат шығарылады екен. Мұның бәрі дәлелсіз.
Бұл теорияның авторы – доктор Рима Лайбоу. Ол қастандық теориясын жақтаушы және алаяқ. 2014 жылы Эбола безгегі тараған кезде ол «вирусты тиімді түрде инактивациялайтын» нано күмістен тұратын қоспаны белсенді жарнамалаған. Қоспа ешқандай клиникалық сынақтан өтпеген, сондай-ақ оның тиімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты сенімді деректер болған жоқ. АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын қадағалау басқармасы Рима Лайбоу жарнамалаған препарат сертификатталмаған, тиімділігі дәлелденбеген және қауіпті болуы ықтимал екендігі туралы ресми хат шығарды.
COVID-19 пандемиясы басталғанда Римма Лэйбоу тағы да фейк және ғылымға қарсы теорияларды тарата бастайды. Атап айтқанда, ол вакциналар адамдарды бедеулікке ұшыратады және бұл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жоспары деп мәлімдеді. Америкалық фактчекерлер оның сөздерін бірнеше рет жоққа шығарды.
2030 жылға қарай әлемде вакцинацияланбаған адамдар қалмайды деген теория дәлелсіз. Біріншіден, бұл туралы ешкім ешқашан ресми түрде айтқан емес. Екіншіден, барлық елдерде кез келген вакцинаны тұрақты немесе уақытша негізде салуға болмайтын диагноздар мен жағдайлар тізімі бар.
Яғни, нарықтағы вакциналар санына қарамастан, денсаулық жағдайына байланысты вакцинация алмаған адамдар тобы әрқашан болады.
Сонымен қатар әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда вакцинация ерікті болып табылады. Осы саладағы заңнаманы өзгерту жоспарлары туралы хабарланған жоқ.
Демек, таралған хабарлама негізсіз және сенімсіз көзден шыққан.