Медициналық фейктер

Дәлелсіз: «Жаппай вакцинациядан кейін бедеулік деңгейі екі есеге өсті»

Қазнетте өз бақылауымен бөліскен АҚШ гинекологының видеосы тарады. Оның айтынша, жаппай вакцинация басталғаннан кейін бедеулік деңгейі 50%-ға өскен, түсік түсіру де екі есеге артқан. Бұған ешқандай дәлел жоқ.

Дәрігер өз мәлімдемелерін қандай да бір деректермен растамайды. Ол статистикаға, зерттеулерге немесе басқа дәлелдерге сүйенбейді. Сондықтан оның сөздеріне сенуге негіз жоқ.
Дегенмен, бұл ақпаратты ресми статистиканы зерттеу және кейбір фактілерді салыстыру арқылы тексеруге болады. Мысалы, COVID-19 қарсы вакцинация АҚШ-та 2020 жылдың 14 желтоқсанында басталды. Бірінші кезекте денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, қарттар мен созылмалы аурулары бар науқастар егілді.

Олардың 50%-нда бедеулік дамыды деп есептесек те, ол 2021 жылдың желтоқсан айының соңында ғана анықталатын еді. Шындығында, «бедеулік» диагнозы ерлі-зайыптылардың әрекеттеріне қарамастан, бір жыл ішінде бала көтере алмағаннан кейін ғана қойылады.
АҚШ тұрғындарының көбі 2021 жылдың наурызында ғана егіле бастады. Яғни, «бедеулік» шынымен вакцинадан туындаса, ондай диагноз 2022 жылдың наурызынан кейін ғана қойылатын еді.

Демек, видеодағы ақпарат шынайы болса, онда 2022 жылдың наурызынан бастап АҚШ-та бедеуліктің жоғары көрсеткіші тіркелетін еді, ал оны дәрігерлердің байқамауы мүмкін емес. Бақытымызға орай, мұндай ештеңе болып жатқан жоқ. АҚШ-та бедеуліктің күрт өсуі тіркелмеген. 

Мұндай диагноз қойылған адамдар саны COVID-19 немесе ауруға қарсы вакциналар әлі болмағанда, 1991 жылдан бері баяу артып келеді. Демек, бұл статистиканың өсуін вакцинацияға негіздеу дұрыс емес. 
Ресми мәліметтер бойынша АҚШ-та түсік түсіру саны да өскен жоқ.
Ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, COVID-19 жұқтырған әйелдер үшін мерзімінен бұрын босану қаупі айтарлықтай өсті және бұл жағдай егілуге байланысты емес.
Екпелер жүктіліктің барысына әсер етпейтінін дәлелдейтін сенімді ғылыми зерттеулер бар.
Онкологиялық аурулар бойынша статистиканың артуы туралы видеодағы дәрігердің сөздеріне келетін болсақ, ол да ресми көрсеткіштерге қайшы келеді. Бұл туралы біз егжей-тегжейлі айтқан болатынбыз.

Фейк: «Вакциналар қатерлі ісікпен сырқаттанушылықты 10 000% арттырды»

Қорыта айтқанда, роликте айтылған барлық тезистер ғылыми мәліметтер мен жарияланған статистикаға қайшы келеді. Дәрігердің видеода айтқан сөздеріне ешқандай дәлел жоқ. Демек, таралған ролик дәлелсіз және оған сенудің қажеті жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button