Ауру туралы айтылмаса, бұл оның жоқтығының белгісі емес
Соңғы күндері Instagram-да Танзаниядан келген біреу өз еліндегі жағдай туралы әңгімелеген видео тарап жатыр. «Бізде коронавирус жоқ!»,- дейді ол. Кейбір танымал қазақстандық блогерлер бұл видеоны мысалға келтіріп, бөлісіп те үлгерді. Олар: «Химиядан докторлық дәрежесі бар Танзания президенті өз елінде маска тағуға тыйым салды», – деп жазған. Өз кезегінде Stopfake.kz редакциясы Танзанияда не болып жатқанын және коронавируспен күресте бұл мемлекеттің тәжірибесі үлгі бола алатынын тексерді.
Сонымен, Танзания президенті Джон Магуфули колледжде оқып, математика мен химия мұғалімі болды. Содан кейін Дар-эс-Салам университетінің дипломын алған. Саясатқа келмес бұрын Nyanza Cooperative Union – фермерлік шаруашылықтар бірлестігінде химик болып жұмыс істеді.
Танзанияда COVID-19 жұқтырудың алғашқы жағдайы наурыз айында тіркелді. Елдегі жағдай туралы соңғы мәліметтер 29 сәуірде хабарланған – 509 адам індет жұқтырған, 21 адам қайтыс болды. Содан бері Танзания ауру жұқтырғандар саны бойынша ресми мәліметтер ұсынуды толығымен тоқтатты.
Президент Магуфули «Коронавирус – шайтан» (ВВС) деп мәлімдеді. Ұлттық зертхана мамандарын айыптады: «Не империалистер зертханашыларға пара берді, немесе олар құзыретті емес». Ел ішінде ғибадат етуді тоқтатпауға үндеді. Азаматтарды маска тақпағаны үшін мақтады. Маусым айында Магуфули белгілі бір дәрежеде вирустың бәсеңдегенін хабарлады. Бірақ Танзания пандемия бойынша әлі де болса ешқандай ресми деректер ұсынған жоқ.
Танзанияның мемлекет ішіндегі нақты жағдай туралы ақпаратты жасыруы тек халықаралық ұйымдарды ғана емес, көрші елдерді де алаңдатып отыр. Президенттің айтқанына қарамастан, инфекцияның таралуының нақты деңгейі Кенияның Танзаниямен шекарасын жауып тастауына себеп болды. Тек жүк көліктердің жүргізушілеріне ғана жеңілдіктер жасалды, бірақ олар коронавирусты анықтау бойынша тест тапсыруға міндетті. Маусым айында тест нәтижесі оң болып шыққан 180 танзаниялық жүк көлігінің жүргізушісі Кениядан шығарылды.
Кения әлі күнге дейін Танзанияны «қауіпті орын» ретінде «қара тізімнен» шығармай отыр және көрші елді ақпаратты жасырды деп айыптауда.
Танзания оппозициясы да президент Магуфулидің COVID-19 дағдарысына байланысты іс-әрекеттерін қатты сынға алды. Олардың айтуынша, билік нақты көрсеткіштерді жасыруда және қоғамдық денсаулыққа зиян тигізе отырып, пандемияны шын деп қабылдамай отыр. Оппозиция жетекшілерінің пікірінше, құпиялылық режимі Танзанияның туризмге аса тәуелді болуына байланысты.
Сонымен қатар Президент Магуфулидің сыншылары қайтыс болған танзаниялықтарды түнгі уақытта жерлеу туралы бейнероликтердің желіде таратылып жатқанын айтты. Бұл роликтерде қорғаныс киімін киген адамдар көрсетілген.
Парламенттегі оппозиция жетекшілері сәуір айында бірнеше күннің ішінде өздерінің үш адамы белгісіз өтпелі аурудан қайтыс болғаннан кейін барлық депутаттардың тест тапсыруын талап етті. Бұл талап ескерілген жоқ және Парламент жұмысы қазан айындағы сайлауға дейін тоқтатылды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Танзанияны COVID-19 пандемиясымен жаһандық күресте ынтымақтастық пен ашықтықтың жоқтығына айыптады.
Денсаулық сақтау мамандары президент Магуфулидің коронавирусты жоққа шығаруының салдары ауыр болуы мүмкін деп ескертуде.
«Сынақ мәліметтеір немесе клиникалық бақылаулар туралы ақпарат болмаса, Танзания індетті анықтауға және ауыр клиникалық жағдайлардың әлеуетті артуы бойынша шешім қабылдауда кешігеді», – дейді NY Times-қа берген сұхбатында танзаниялық дәрігер, Йель медицина мектебінің радиология және биомедициналық визуализация кафедрасының доценті Франк Минья.
Stopfake.kz қорытындысы: Танзания тәжірибесі коронавирусты жеңуде үлгі бола алмайды, өйткені мемлекет инфекцияны жұқтыру деңгейі туралы нақты мәліметтерді жасырып отыр.