IT-архитектор Виталий Пустовойтенко: «Цифрлар әрқашан шындықты ашады»
Заманауи технологиялар фейкпен және электронды алаяқтықпен күресуге көмектесе ме? Осы сұраққа жауап іздеген Stopfake.kz «Елорданы тұрақты дамыту орталығының» IT-архитекторы, цифрландыру саласындағы сарапшы Виталий Пустовойтенконы сөзге тартты.
– Цифрландыру және IT-технологиялар электрондық бағдарламалар мен мәліметтер базасындағы жалған ақпараттармен күресуге қалай көмектеседі?
– Цифр, егер оны дұрыс қолданылса, әрдайым көмектеседі және шындықты ашады. Бірнеше мысал келтіріп өтейін. Біріншісі, Денсаулық сақтау саласынан. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы көптеген медициналық құжаттарда QR-кодтар пайда болды: еңбекке жарамсыздық парақтары, 086 және 089 анықтамалары және т.б.. Бұған қарамастан, статистика нашар болды: бланктерді тіркеу қатаң түрде есепке алынымен, сутаңбалар, медициналық ұйымдардың мөрі секілді барлық қорғаныс құралдары қолданылса да жалған аурухана парақшаларын жасағаны үшін жарты жылдың ішінде 30 қылмыстық іс қозғалды.
– Неліктен? Жұмыс берушілер неге жалған анықтамаларды түпнұсқа деп қабылдады?
– Талдау нәтижесінде, екі мәселе анықталды. Жалған анықтамалар жасайтын ұйымдар болған, бірақ мұнымен медициналық мекемелердің өздері де айналысқан жағдайлар кездесті. Цифрландыру бұл мәселені елордада 10 күнде шешуге көмектесті. Аурухана парақшалары бір үлкен жүйеден басылып шығарылатынын бәріміз білеміз. Оны адам өтініш берген кезде ашады, сондықтан бұл құжатты өткен күнмен жасау мүмкін емес. Ең бастысы – аурухана қағазының заңдылығын тексеру үшін бұрын анықтама берген мекемеге қоңырау шалу, хат жазу, бару қажет болатын. Ал енді тексерушілер артық іс-әрекеттерден құтылды. Аурухана парақшасында пилоттық режимде QR-код орналастырылды, онда аймақ, медициналық ақпараттық жүйенің атауы және тіркеу деректері шифрланған. Smart Astana қалалық қосымшасы QR-кодты сканерлейді және біз құжаттың «шын» екенін оңай анықтай аламыз. Телефон экранындағы және қолдағы анықтамадағы деректерді салыстырсақ жеткілікті. Бұл жерде біз тек интегратор – барлық қатысушылардың арасындағы көпір іспетті болдық. Одан әрі бұл тәжірибе бүкіл Қазақстанға тарады. Интернетте ақша үшін аурухана парақшаларын ұсынатын жарнамалар жоғалды. Ал қалғанын – жоққа шығару оңай. Бұл цифрдің жеңісі.
Қазіргі ковид жағдайына қатысты тағы бір мысал айтайын. Коронавирустық инфекцияға тапсырылған ПТР сынақтарын қолдан жасау қаупі жоғары. Біз фейктерді жоққа шығару үшін бірқатар зертханаға өздері ұсынатын құжаттарды сәйкестендіру мүмкіндігімен жүгіндік. «Олимп КДЗ»-мен келісім жасалды және осы айда біздің Smart City мобильді қосымшаларымызда (Smart Taldykorgan, Aqsay, Kostanay, Uralsk, Open Shymkent, Digital East) ұсынылған анықтаманың заңдылығын тексеру мүмкін болады. Қазақстандықтарға көмектесетін цифрландыру дегеніміз осы. Басқа зертханалар да осындай мүмкіндікті қарастырады деп үміттенемін. Өйткені, бұл шешім, ең алдымен, өзімізді қорғайды. Ешкімнің коронавирус туралы жалған анықтамасы бар адаммен бір ұшақпен ұшқысы келмейді, солай ма?
Тұрғын үй қатынастары саласынан тағы да бір мысал. Қазір ол бәрін алаңдатуда, өйткені әрқайсымыз өз үйімізді және оның айналасын салатын «құрылысшы» болып табыламыз. ТКШ саласындағы сот шешімдерін талдау барысында ПИК-ке немесе басқарушы компанияларға қатысты даулы шешімдердің басым бөлігі хаттамаларды жарамсыз деп танумен аяқталғаны анықталды. Өкінішке орай, меншік иелерінің қолтаңбалары қолдан оңай жасалған. Сөйтіп, e-knot мобильді қосымшасына электрондық сауалнамалар енгіздік. Пайдаланушы авторизацияланады, яғни оның жеке тұлғасы сәйкестендіріледі. Барлық ерік-ниетіне электрондық-цифрлық қолтаңба қойылады. Оп-оңай. Тек сауалнамаларды цифрландыру ғана қажет болды. Цифрландыру тұрғын үй иелеріне өз төрағасын таңдауға, тарифке, шығыстарға дауыс беруге және басқа да көптеген мәселелерді шешуге көмектеседі.
– Расында да, қазақстандықтар тұрғын үй-коммуналдық салада жиі алданып жүр. Мысалы, «резеңке пәтерлер», бұл көптеген қалада орын алатын жайт. Мұндай бұзушылықтарды қалай анықтауға болады? Бұл мәселені шешуде «Электронды ПИК» көмектесе ала ма?
– Иә, «резеңке пәтерлер» мәселесі іс жүзінде бар. Біз оны қалай анықтадық? Нұр-Сұлтан қаласына арналған үлкен деректерді талдау (Big Data) жобасын іске асыру кезінде. Сол кезде әкімдік халықтың тығыздығы қай жерде жоғары, қай жерде төмен екендігін анықтау үшін цифрлық карта жасау міндетін алға қойған болатын. Бұл өз кезегінде мектептер, емханалар, балабақшалар салу үшін орындарды жоспарлауға көмектесті. Бұл мәселені шешу барысында біраз қиындықтар туындады, мысалы, бір көшенің атауы әртүрлі жазылуы мүмкін (Абай к-сі, Абай, Абай даңғ. және басқалар) немесе мәліметтер базасында Ш. Қосшығұлұлы көшесін жазудың 261 нұсқасы болды, сенесіз бе? Сондықтан біз үшін бірінші кезекте барлық атауларды анықтамалық нұсқаға келтіру маңызды болды. Осы кезде түрлі цифрлық құралдар, соның ішінде нейрондық желілер мен жасанды интеллект элементтері қолданылды. Ал мәліметтерді талдай отырып, біз сол «резеңке пәтерлерді» анықтадық. Олардың бірінде 2251 адам тіркелген. Стандартты іздеу әдістері мұны анықтауға жол бермейтін еді. Ал цифр тағы да жеңді. Тек 10 күннің ішінде ғана жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері 30 мыңнан астам адамды тіркеуден шығарды. Енді тіркеу процесі алгоритмдерді үнемі қадағалап отырады. Нормативтен асқан кезде жауапты қызметкерге белгі беріледі. Яғни, адами фактор жоқ. Барлығы дұрыс әрі анық.
– Мұндай проблемаларды болдырмау үшін не қажет?
– Бастысы, метамәліметтер деп аталатын анықтамалық ақпараттың дұрыс жүргізілуін қамтамасыз ету. Барлық дерекқорлар анықтамалықтар мен сәйкестендіру кодтарын қолдана отырып, қалыпқа келтірілуі керек.
– Ал ПИК жұмысындағы цифрландыру элементтері туралы не айта аласыз?
– Электронды ПИК басқа мәселелерді шешеді. Олар үй тұрғындарының эмоцияларымен және мінез-құлқымен байланысты. ПИК халықтың наразылығы мен шиеленісті жояды. Егер проблемаларды үй деңгейінде цифрлық форматта шешсе, әкімдіктерге түсетін өтініштер саны да азаяды. Біз ТКШ цифрландырумен көптен бері айналысып келеміз. Қазір бұрынғы «е-ПИК» жүйесінің орнына жаңа – e-Knot келді. Ол жаңа заңнамаға сәйкес келеді және жұмысты цифрландырады. Бағдарламаның функцияларына онлайн жиналыстар, онлайн дауыс беру, бұлтты бухгалтерия, меншік иесіне есеп беру, өтініштерді диспетчерлеу, байланыс орталығы, барлық мүмкін төлемдер мен көптеген басқа да қызметтер кіреді.
– ТЖ режимі кезінде Smart Astana мобильді қосымшасында үй карантиніне жатқызылған тұрғындарды электронды бақылауға арналған функционал енгізілді. Бұл жаңашылдық қаншалықты тиімді болды? Тұрғындар «бақылауға» қалай қарады және жобаның қазіргі жағдайы қандай? Жүйені алдау мүмкін бе және мұндай оқиғалар орын алды ма?
– 31 наурызда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында біз елордада, содан кейін Орал мен Қостанайда тегін «Мен үй карантиніндемін» сервисін іске қостық. Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің тізімінде болған және үй карантиніне жатқызылған қала тұрғындарына ережелердің сақталуын қадағалайтын механизмге қосылуға мүмкіндік берді. Рас, бүкіл база цифрландырылды. Біз картадан «карантиндегі» адамдардың қайда жүргенін көріп отырдық. «Үй науқастары» Нұр-Сұлтанда емес, қала маңынан табылған кездер болды. Біздің сервис орын ауыстыруды, пәтерде бөтен адамдардың болуын, сондай-ақ адамның кіреберістегі қозғалысын, ауладағы дүкенге барғанын және басқа да фактілерді жедел анықтауға мүмкіндік берді. Тиімділікті арттыру үшін қызметтерді ақпараттандыру және жедел әрекет ету ережелері қажет болды.
Халық мұны басқаша түсінді. Біреуі функцияны бағаласа, басқасы оны мәжбүрлі бақылау деп ойлады. Әйтсе де, көбі мұның бәрі ерікті түрде жүргізілетінін білді. Жалпы, жүйені Google және Apple қызметтері тексерді. Олар «бақылау» тұрақты түрде емес, тек үй карантиніне жатқызылған нақты тұрғындарды ғана тексеру үшін жүргізілетінін растады.
Жүйені алдауға тырысқан адамдар болды, оны жасырмаймын. Телефондағы GPS-ті өшірді, үйден кетті. Алайда, цифрландыру арқылы, яғни жасаған қадамдарының саны, wi-fi-дың өзгеруі және басқа да факторлар бойынша біз оны да анықтай алдық. Басқа қалалардағы бұл қызмет жақсартылды. Қазір коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындық жүріп жатыр. Біздің құралдар вирустың таралуын болдырмауға және адамдардың өмірін сақтауға көмектеседі деп үміттенемін.