Фейкпен күрес: Қытайда 7 жылға дейін түрмеге қамайды
Қытайда Интернетте фейк ақпарат таратқаны үшін қатаң жазалайды. Пандемия басталғалы жалған ақпараттар ағымы біршама артты. Елде ақпараттық киберқауіпсіздіктің жаңа ережелері енгізілді.
Мәселе тарихы
2015 жылы Қытайдың Интернет-ақпарат жөніндегі мемлекеттік кеңсесі ұлттық жаңалықтар сайттарына әлеуметтік желілердегі хабарламаларға негізделген материалдар шығаруға тыйым салды.
Сонымен қатар, жаңалықтар тарататын Интернет-БАҚ-тарды бақылау күшейтілді, оларға ақпаратты тексеру тетігін нығайту тапсырылды. Сондай-ақ, кейбір танымал қытайлық және шетелдік интернет-ресурстар бұғатталды.
«Жалған ақпараттың таралуын бақылау жөніндегі директива» жаһандық желіде жалған ақпараттың жариялануын болдырмауға және алдын алу мақсатында әзірленді. Интернеттегі жаңалықтар хабарламаларын бақылау күшейтілді және кез келген ақпаратты жарияламас бұрын тексеру керек. Сондай-ақ, дереккөздерсіз немесе жалған деректер ұсынылған жалпыға қолжетімді жаңалықтарды таратуға тыйым салынды. Компаниялар өздерінің жаңалықтар порталдарымен қоса, Twitter және Weibo сияқты микроблогтар сервистерін және WeChat секілді онлайн-мессенджерлердегі сайттардың каналдарын бақылауға міндеттелді», – деп хабарлады South China Morning Post газеті.
Мұнымен қоса, Қытайда ірі интернет-компаниялар мен сауда және әлеуметтік алаңдардың сайттарында киберқауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысатын полиция жасақтары жұмыс істейді. Олардың міндеті «заңсыз іс-әрекеттер мен қауесеттердің жедел жолын кесу» және пайдаланушылар деректерін қорғау болып табылады.
Жалған ақпарат таратқаны үшін жаза
Қытайда көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Мұндай заңсыз іс-әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік 2015 жылы енгізілген.
Ал жалған ақпарат таратқаны үшін қарастырылған ең жеңіл жаза – ескерту.
Бұдан басқа, экономикалық және әлеуметтік тәртіпті бұзатын фейк жаңалықтарды жасау немесе интернетте тарату үшін жауапкершілік Киберқауіпсіздік туралы заңда да бар.
Провайдер жалған ақпаратты тауып, оны бұғаттайды және бұл туралы құзыретті мемлекеттік органдарға хабарлауға тиіс. 2020 жылдың сәуірінде Қытай 150-ге жуық аккаунтты жауып, ұлтшылдық сипаттағы жалған контент үшін жергілікті әлеуметтік желілердегі 200-ден астам жарияланымды жойды.
Үстіміздегі жылдың маусым айында Қытай ұлттық киберқауіпсіздіктің жаңа ережелерін қолданысқа енгізді. Жаңа тексеру жүйесі әлеуетті тәуекелдерді жоюға, ұлттық киберкеңістіктің қоғамдық қауіпсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ ақпараттық индустрияның дұрыс және жүйелі дамуына ықпал етпек. https://www.securitylab.ru/news/507956.php