Фейк: «АЭС ескірген технологиялар бойынша салынады»
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде қазіргі заманда атом электр станцияларын салудың еш мәні жоқ, өйткені энергия алудың бұл жолы ескірген деп жазуда. Бұл фактілермен манипуляция жасау.
Атом электр станциялары ескірген деп айту дұрыс емес. Бүгінгі таңда әлем бойынша 442 ядролық реактор сәтті жұмыс істеп тұр және тағы 51-і құрылыс сатысында.
Ең алғашқы атом электр станциясы 1954 жылы маусымда бұрынғы КСРО аумағында Калуга облысында іске қосылды. Ол қуаты 5 МВт болатын АМ-1 («бейбіт атом») су жылу тасымалдағышы бар бір уран-графитті каналды реактормен жабдықталды.
Әлемдегі атом энергетикасы сол уақыттан бастап осы күнге дейін дамып келеді. Елеулі өзгерістер АЭС-тегі қауіпсіздік шараларына, өнімділікке және процестерді автоматтандыруға әсер етті, бұл персоналдың қателіктерін болдырмауға мүмкіндік берді. Қазіргі заманғы АЭС III және III + буындағы ядролық реакторлармен жұмыс істейді. Оларды ұзақ уақыт – 80 жылға дейін пайдалануға болады, сондай-ақ қауіпсіздіктің жоғары деңгейімен және шағын ұшақтың тікелей соққысына төтеп бере алатындай беріктігімен ерекшеленеді.
Сондай-ақ, қазіргі кезде IV буындағы реакторлардың жобалары белсенді әзірлену үстінде. Бұл –«келесі буындағы ядролық-энергетикалық жүйелердің жүзеге асырылуы мен сипаттамаларын анықтау үшін қажетті зерттеулер мен әзірлемелер жүргізу үшін құрылған бірлескен халықаралық бастама». Жобаның белсенді мүшелері Жапония, Ресей, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және АҚШ елдері. Кейінірек форумға Швейцария мен Австралия қосылды. IV буындағы реакторлар оларға дейінгі реакторларға қарағанда әлдеқайда тиімді болуы мүмкін. Олар ядролық отынның бірдей мөлшерінен 100-300 есе көп энергия өндіре алады, сонымен қатар қазіргі заманғы қауіпсіздік жүйелерімен ерекшеленеді. Атап айтқанда, онда суды салқындату жүйесін пайдаланылмайды, сондықтан сыртқа ағып кету немесе қайнау қаупі жоқ.
Шағын модульдік реакторларға бөлек тоқталайық. Бұл ядролық және балама энергияны, оның ішінде жаңартылатын көздерден алынатын энергияны біріктіре алатын шағын немесе орта қуатты реакторлар. Қарапайым ядролық ректорлармен салыстырғанда олардың қауіпсіздік көрсеткіштері жоғары болады, сондай-ақ орнату мен қызмет көрсетуге жұмсалатын шығын азырақ. Бүгінгі таңда әлемде осындай 50-ге жуық модульдік реактор бар, Аргентина, Қытай және Ресейде тағы төртеуінің құрылысы жүріп жатыр.
Экология жағынан да өзгерістер болды. Қазіргі кезде Ресейде әлемдегі алғашқы жабық отын циклінің ядролық реакторы салынып жатыр. Яғни, қолданыстағы АЭС-те пайдаланылған ядролық отынды электр энергиясын өндіру үшін пайдалануға шексіз мәрте қайта өңдеуге болады.
Демек, әлемде атом энергиясы дамып, жаңа көкжиектерді ашуда және мүлдем ескірген болып саналмайды.
АЭС-ті күн немесе жел электр станцияларымен салыстыруға болмайды. Атом электр станциялары үнемі энергия өндіреді және елді мекендерді электрмен үздіксіз қамтамасыз ете алады, ал жел мен күн энергиясы тұрақсыз және көбінесе ауа райына байланысты болады.
Осы фактілерді ескере отырып, мамандар атом энергиясы сенімді энергия көзі деп мәлімдеуде.
Яғни, АЭС ескірген технологиялар бойынша салынады деп есептеу дұрыс емес.