Банк қазақстандықтарға 21500 теңгеден төлейді – фейк
Әлеуметтік желілерде Каспи банк атынан адамдарды алдап жүрген алаяқтар тағы да анықталды. Бұл жолы олар 42500 теңге ала алмаған қазақстандықтарға бұл соманың жартысы төленеді деп айтуда.
«Құрметті қазақстандықтар. «Kaspi Bank Komek»-тен жақсы жаңалық. 42.500 ала алмағандардың барлығы 21.500 теңгеден ала алады. Үлестіру басталады», – дейді Инстаграмдағы аккаунтты әзірлеушілер. Сонымен қатар, олар ақша алуға ниет білдіргендерден несиелік карталарының мәліметтерін жіберуді сұрайды.
Каспи банк өз схемаларында танымал компаниялардың атауларын жиі қолданатын алаяқтардан сақ болуға шақырады. Бұл туралы ресми ескертулер Kaspi.kz-тің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда үнемі жарияланады.
«Алаяқтардың мақсаты – клиенттің жеке мәліметтерін және банк картасының деректерін білу. Олар адамдарды фишингтік сайтқа тартады және сұрақтар қою арқылы сіздің құпия ақпаратыңызды анықтайды. Естеріңізде болсын, біз өнімдер, қызметтер, байқаулар туралы ақпаратты тек Kaspi.kz-тің ресми парақшаларында ғана ұсынамыз».
Төтенше жағдай кезеңінде (2020 жылғы 16 наурыздан 11 мамырға дейін) әлеуметтік төлемдерді тағайындауға қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми мәлімдеме жасады:
«Карантиндік шектеу шараларының қолданылу кезеңіне МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш ағымдағы жылғы 1 қыркүйекке дейін қабылданды. Оны тағайындаудан бас тартылған жағдайда 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін шағымдануға болады. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры осы әлеуметтік төлемді тағайындау туралы азаматтардың өтініштерін қайта қарау бойынша жұмысты жалғастыруда»
Жалпы, төтенше жағдай режимі кезінде әлеуметтік төлем 322 млрд теңге сомасында 4,6 млн адамға, карантиндік шектеу шаралары кезінде (2020 жылғы 5 шілдеден 17 тамызға дейін) 153,2 млрд теңге сомасында 2,4 млн адамға тағайындалды.
Егер әлеуметтік желілерден күдікті хабарлама немесе сауалнама көрсеңіз:
– Бұл парақшаларда кеңес сұрап, сауалнамаларға қатыспаңыз, банк картасының деректемелерін: номерін, иесінің атын, жарамдылық мерзімі және CVC айтпаңыз.