Fake News

Фейк: «15 желтоқсанға дейін Ұлттық банкке өтініш бергендерге несиелер бойынша қарыздары есептен шығарылады»

Қазақстандықтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде елде несиелік рақымшылық басталғаны туралы ақпарат таратуда. Банк несиелері бойынша қарыздарды есептен шығару үшін осы жылдың 15 желтоқсанына дейін өтініш беру керек. Бұл өтірік.

Бұл туралы ақпаратты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жоққа шығарды. Ресми теріске шығару туралы ақпаратта фейк авторы Жанболат Мамай екендігі жазылған.
– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ж.Мамайдың бұл мәлімдемелері шындыққа жанаспайды және өзінің жеке саяси мақсаттарын іске асыру үшін азаматтарды адастырады деп хабарлайды, – делінген мәтінде.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстанда 2004-2009 жылдар аралығында теңгемен ипотекалық қарыздар, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін валюталық ипотекалық қарыздар алған халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету үшін ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Банктер мұндай қарыз алушыларға жеке қолдау көрсетеді. Бұл ретте қарыздарды толық есептен шығару туралы мәселе көтерілмейді. Оның орнына мамандар қарыз алушылардың қаржылық және әлеуметтік жағдайын жан-жақты талдайды, содан кейін қолдау туралы шешім қабылданады.

Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.

– Несиелер бойынша мерзімі өткен қарызы бар азаматтарды қолдау үшін биыл қазан айынан бастап қарыздарды реттеудің бірыңғай тәртібі енгізілгенін хабарлаймыз. Несиелер бойынша мерзімін өткізіп алған жағдайлар болса, қарыз алушылар банкке немесе микроқаржы ұйымына өтініш жасауы қажет, онда олардың өтініші қаралады және проблемалық қарызды қайта құрылымдау шарттары ұсынылады, – делінген ақпаратта.
Агенттік азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге, ақпаратты тек ресми және тексерілген дереккөздерден ғана алуға шақырады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button