Фейк: «КВИ-ден гөрі безгектен адам көп өледі, бірақ ешкім локдаун жарияламайды»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың қатысушылары COVID-19 безгекпен салыстыруда. Олардың есептеуінше, бір жылда аталған аурудан әлдеқайда көп адам көз жұмады, бірақ қалалар мен елдерде осыған байланысты локдаундар жарияланбайды. Алайда, бірқатар себептерге байланысты бұлай салыстырған дұрыс емес.
Біріншіден, COVID-19-дан гөрі безгектен адамдар көп өледі деген пікір қате. ДДСҰ-ның ресми сайтында безгек бойынша жағдай туралы есеп бар. Онда ұсынылған 2019 жылғы мәліметтерге сәйкес, осы уақытта ауру салдарынан әлемде 409 000 адам қайтыс болған. COVID-19 тек 2019 жылдың соңында ғана анықталғандықтан және ол кезде ауру жұтыру жағдайы әлі пандемия деңгейінде болмағандықтан осы екі аурудың салдарынан 2019 жылы болған өлім-жітім статистикасын салыстыруға болмайды. Алайда, келесі, 2020 жылы, COVID-19 әлем бойынша екі миллионға жуық адамның өліміне себеп болды.
Демек, бірдей уақыт аралығында КВИ безгекке қарағанда шамамен 4,5 есе көп адамның өмірін қиған.
Айта кетейік, бұл аурулар әр түрлі жолдармен жұғады. Безгекті жәндіктер таратады, ал COVID-19 ауа-тамшы жолдармен адамнан адамға беріледі. Демек, безгек жағдайында локдаундар мен шекараларды жабу мағынасыз, ал КВИ жағдайында адамдар арасындағы байланыстарды азайту аурушаңдықтың төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Қорыта айтқанда, безгек пен COVID-19 салыстырған дұрыс емес. Бұл екі ауру да қауіпті, бірақ бірінші жағдайда ауруды таратушылар – жәндіктердің нақты түрлері болса, екінші жағдайда адамдар болып табылады. Тиісінше, КВИ әлдеқайда кең таралып, безгекке қарағанда одан көз жұмған адамдар саны бірнеше есеге артық. Локдаундар мен карантиндік шектеулер адамдар арасындағы байланыстарды азайту және вирустың таралуын бәсеңдету үшін қажет.