Жалған: «2021 жылы тұмау мүлдем болған жоқ, содан кейін қайта шықты»
Telegram-каналдарда ДДҰ статистикасы талқылануда. Оған сәйкес 2021 жылы тұмау жойылып, 2022 жылы қайта шыққан. Шын мәнінде не болды? Түсіндіріп өтейік.
2020-2021 жылдар аралығында тұмау жойылған жоқ. Оның аурушаңдық көрсеткіші өте төмен болды. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылдың қыркүйегі мен 2021 жылдың мамыры аралығында АҚШ-та тұмау вирусына оң нәтиже небәрі 0,2% болды. Ал пандемияға дейін, яғни 2020 жылға дейін тұмау маусымында аурушаңдық 26,2%-30,3%-ға жеткен. Мұндай төмен көрсеткіш АҚШ-та ғана емес, бүкіл әлемде тіркелген.
Тұмаудың таралуының төмендеуіне және аурушаңдықтың азаюына бірқатар себеп бар – COVID-19 пандемиясы кезіндегі шектеулер мен сақтық шаралары. Бұл маскалар тағу, қашықтықты сақтау, қолды жиі жуу және антисептиктерді қолдану. Сонымен қатар сауда-ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, тамақтану орындары мен дүкендер сияқты қоғамдық орындардың жұмыс режиміндегі шектеулер де тұмаудың таралуының төмендеуіне ықпал етті.
Демек, 2021 жылы тұмаудың толық жойылып, 2022 жылы кенеттен қайта пайда болғаны туралы ақпарат жалған. Тұмау болды, карантиндік шектеулердің енгізілуіне байданысты онымен ауру жағдайлары азайған.