Fake News

Алаяқтар жүргізуші куәлігін Telegram-каналдар арқылы қалай сатады?

Әлеуметтік желілерде жүргізуші куәлігін 60 мың теңгеге сататын алаяқтар көбейді. Осы бағамен «В санаттағы түпнұсқа куәлікті» сатып алуға болады. Ол үшін төлемнің 50%-ын алдын ала Telegram-каналдың иесіне төлеу керек. ҚР ІІМ құжатты сатушыларды тексере бастады.

Қазақстандықтар жүргізуші куәлігінің сатылатыны туралы хабарламаны жиі көреді. Тіпті мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылғандарға да «заңды негізде» түпнұсқа құжат бере алатын Telegram-канал да ашылған. Авторлардың айтуынша, құжаттың берілуі «базада тіркеледі», ал құжаттың өзін «ХҚКО-дан алуға болады».

 

Құжаттар сататын Telegram-канал қандай?

Канал 2020 жылдың 10 сәуірінде ашылған және 6000 аса жазылушысы бар. Профилінде көрсетілетін қызметтер туралы хабарландыру тіркелген – «ресми жүргізуші куәлігін», «әскери билет» беру және «жеке куәлігінен айырылғандарға көмектесу». Жеке каналға сілтеме беріліп, сатып алушылардың пікірлері мен Адам деген кісінің байланыс номері жазылған.

Бұдан басқа, каналда «көрсетілетін қызметтердің» бағалары да көрсетілген. В санаттағы жүргізуші куәлігі – 60 мың теңге, С1 – 80 мың теңге тұрады. Бұл ретте өтінім беруші құжаттардың толық тізімін және жеке мәліметтерін жолдауы керек – жеке куәлігін, фотосуреттер, тіркелген мекен жайын және телефон номерін. «Қызмет көрсету» мерзімі – 2-3 күн және алдын ала төлем – 50%.

 

«Сатып алушылардың пікірлері» жазылған Telegram-канал қандай?

Мұнда «әзірленген құжаттардың» фотосуреттері жарияланады. Адамдардың алғыстары жазылған. Барлығының стилистикасы бірдей және грамматикалық қателер жиі кездеседі. «Жаңа құжат алғандардың» түрлері көрсетілмеген, бірақ кейбірінің жеке мәліметтері жарияланған.

Мысалы, «пікір» білдірген мына адамның жеке мәліметтері жазылған. Бұл жүргізуші куәлігі бұған дейін ресейлік drive2.ru сайтында жаряланған болатын.

 

Жүргізуші куәлігін сатып алу үшін алаяқтарға жүгінсеңіз не болады?

1. Сіз құжатты әзірлеу үшін төлейсіз, ал алаяқ ақшаны алған соң, номеріңізді бұғаттап тастайды.

2. Қаскүнемдер жіберген мәліметтеріңізді қылмыстық мақсатта пайдаланады – сіздің атыңызға несие алады немесе банктік есептшотыңыздағы қаржыны шешіп алады.

3. Егер «жолыңыз болып», «ресми құжатты» ала алсаңыз, оның жалған екендігі анықталғанда, сізге ҚР ҚК 325-бабы «Жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» бойынша жауапкершілік жүктеледі. Яғни, заң бұзушыға 500 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады, немесе бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектеледі.

StopFake редакциясы алаяқтардың мәліметтерін Қазақстанның Ішкі істер министрлігіне жолдады. Полицейлердің хабарлауынша, қазіргі кезде Telegram-каналдың авторларының жеке тұлғасын анықтауда.

Егер әлеуметтік желілерде жарнамаланып жүрген фейк қызметтер туралы ақпаратты кездестірсеңіз немесе өзіңіз алаяқтық іс-әрекеттердің құрбаны болсаңыз, редакцияға жазыңыздар. Бірге тексереміз.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button