Манипуляция: «Зерттеу D дәрумені өлім ықтималдығын жоятынын және вирустың жаңа нұсқалары вакциналарға байланысты пайда болатындығын дәлелдеді»
Танымал қазақстандық Telegram-чатқа қатысушылар жаңа зерттеудің нәтижелерімен бөлісуде. Бұл ғылыми еңбек D дәруменінің аса жоғары деңгейі COVID-19 болатын өлім ықтималдығын жоятынын және вакциналар SARS-CoV-2 вирусының жаңа нұсқаларының пайда болуына себеп болатынын дәлелдейді. Бұл дұрыс емес.
Қазақстандықтар таратқан зерттеу скриншоттары MedRXiv порталында жарияланған. Бұл жұмыс препринт болып табылады. Демек, ол рецензияланбаған. Онда көрсетілген қорытындыларды клиникалық практика үшін нұсқаулық ретінде қолдануға болмайды.
Зерттеудің өзі ретроспективті. Оның авторлары бұрын жүргізілген және рецензияланған басқа зерттеулердің нәтижелерін зерделеп, салыстырады.
Мұндай бірнеше зерттеу бар. Жұмыстардың бірін Чикаго медицина университетінің ғалымдары өткізген. Олардың мәліметтері бойынша D витаминінің жетіспеушілігі КВИ ауыр ағымына әкелуі мүмкін деп болжауға болады. Қазіргі кезде мамандар екі бөлек клиникалық сынақ жүргізіп, бұрын жасалған қорытындыларды растау немесе жоққа шығару үшін еріктілерді тартуда.
Италия, Германия және т.б. елдердің ғалымдары да осыған ұқсас ғылыми еңбектерді жариялаған.
Олардың барлығы өз тұжырымдарына сүйене отырып, науқастың қандағы D дәрумені деңгейі COVID-19 ағымының ауырлығына әсер етеді деп пайымдайды. Алайда, бірде-бір зерттеуде бұл дәруменнің жеткілікті мөлшері өлім ықтималдығын жоюы мүмкін деп айтылмайды.
Қазақстандықтар таратқан рецензияланбаған ғылыми мақалада да мұндай мәлімдеме жоқ. Авторлар бұл болжам дәлелденген факті деп айтпай, «өлімнің нөлдік теориялық нүктесі» туралы ғана жазады.
Еңбекте вакциналар SARS-CoV-2 вирусының жаңа мутациясының орын алуына себеп болады деген де пікірлер жоқ. Онда вакцинацияланған адамдардың көпшілігі, тіпті КВИ жұқтырған болса да, ауруханаға жатқызуды қажет етпейтіні айтылған. Дегенмен, авторлар вакцина да ауру жұқтырудан 100% қорғамайтынын да ескереді.
«Вакцинация SARS-CoV-2 күресудің маңызды бөлігі болып табылады, бірақ жоғарыда сипатталған жағдайды ескере отырып, бұл жалғыз басымдық болмауы керек», – деп жазады мақала авторлары.
Сондай-ақ, Қазнет қолданушылары арасында тараған хабарламада дәрігерлер пандемия кезінде D дәруменінің пайдасын жоққа шығаратыны туралы мәліметтер келтірілген. Бұл жалған. Шын мәнінде, ғалымдар да, дәрігерлер де пандемия кезінде D дәрумені жетіспеген кезде қабылдауға кеңес берді. Мұндай кеңестер 2020 жылы БАҚ-та да, ғылыми журналдарда да жарияланды.
Сонымен, қандағы D витаминінің аса жоғары мөлшері COVID-19 ауыр түрінің пайда болу ықтималдығын төмендетуі мүмкін. Алайда, бұл зат өлім ықтималдығын жояды деп айта алмаймыз. Ол үшін бүгінгі күні деректер жеткіліксіз. SARS-Cov-2 коронавирусының жаңа нұсқаларының пайда болуы вакцинациядан туындаған жоқ. Бұл туралы бұған дейін жазған болатынбыз. Талқыланған зерттеуде мұндай тұжырымдар жоқ. Сонымен қатар, еңбек әлі рецензияланбаған, сәйкесінше, онда келтірілген қорытындыларды ғылыми дәлелденген фактілер болып саналмайды.