Манипуляция: «КВИ қарсы екпе салдырғандардың өлімі вакциналардың пайдасыз екендігін дәлелдейді»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың бірінде Англияда COVID-19 нәтижесінде болған өлім-жітімнің 70% егілген адамдар құрайтыны туралы хабарлама таратылуда. Бұл мәлімдемені талдап, оның неге вакциналардың пайдасыз екендігіне дәлел бола алмайтынын түсіндірейік.
Англияның Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің 2021 жылғы 3 қыркүйектегі есебі бойынша, қазіргі уақытта Delta коронавирустың ең қауіпті нұсқасы болып саналады. Құжатқа сәйкес, дельта нұсқасынан қайтыс болған 1798 адамның 1233-і (68,6%) COVID-тің оң нәтижесі шыққанан кейін 28 күннің ішінде, 1 ақпаннан 29 тамызға дейінгі аралықта, вакцинаның кем дегенде бір дозасын алған. Олардың басым бөлігі, 1644-і (91,4%), 50 жастан асқандар.
Бір қарағанда, бұл алаңдатарлық үрдіс сияқты, бірақ сарапшылардың айтуынша, бұл болжанған және қисынды көрсеткіштер.
«COVID-19 қауіптілігін жақсы түсіну үшін «қалыпты» тәуекелді қолдану» атты ғылыми еңбекте COVID-19-дан өлу қаупі 35 жастан бастап жыл сайын ерлер үшін 9,7% және әйелдер үшін 10,4% артатыны айтылған. Осылайша, КВИ-ден болатын өлім-жітім ықтималдығы науқастың өмірінде әр жеті жыл сайын екі есеге артып отырады. Демек, 70 жастағы науқас үшін бұл аурудан көз жұму қаупі осы диагноз қойылған 35 жастағы адамға қарағанда 32 есе жоғары болады.
Англияның Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің мәліметінше, Delta нұсқасына қарсы вакцинаның екі дозасының тиімділігі 96% құрайды. (https://theconversation.com/most-covid-deaths-in-england-now-are-in-the-vaccinated-heres-why-that-shouldnt-alarm-you-163671) Нәтижесінде, препарат өлім ықтималдығын 20 есеге төмендетеді, ал табиғи қартаюдан бұл көрсеткіш 32 есеге артады (70 жастағы пациенттер үшін).
COVID-19-дан қайтыс болғандардың арасында екпе салдырғанына қарамастан егде жастағы адамдардың көп болуы да сондықтан.
Айта кетейік, Англияда COVID-19 диагнозы 60 жастан асқан пациенттерге қарағанда жастарға 13 есе жиі қойылады. Алайда, жастар арасында ауруханаға жатқызу жағдайлары және өлім-жітім деңгейі әлдеқайда төмен.
Сонымен қатар, КВИ қарсы вакциналардың тиімділігі туралы айтатын болсақ, болып жатқан оқиғаларды толық ескеру қажет. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде The Lancet журналында жарияланған британдық ғалымдардың зерттеуі вакцинацияланған адамдар арасында ауру жұқтыру жағдайлары өте сирек кездесетінін дәлелдейді. Бұл еңбекте вакцинаның алғашқы дозасын алған 1,2 миллион адамның тек 0,5%-ы ғана COVID-19 жұқтырғаны айтылған. Яғни, бір дозамен егілген әрбір мың адамға шаққанда бес адам ғана ауру жұқтырған.
Сонымен қатар, зерттеу адам екінші дозаны алғаннан кейін препараттардың тиімділігі едәуір артатынын дәлелдеді. Вакцинаның екі компонентін салдырғандардың ішінде мың адамға шаққанда екі адам ғана ауру жұқтырған.
Демек, Англияда екпе салдырғандар арасындағы өлім-жітім көрсеткіші вакциналардың пайдасыз екендігіне дәлел бола алмайды. Біріншіден, қайтыс болғандардың көбі 50 жастан асқандар, яғни олар үшін өлім қаупі орташа деңгейден жоғары болды. Екіншіден, егде жастағы адамдар Англияда COVID-19 жұқтырған барлық пациенттердің аз ғана бөлігін құрайды. Үшіншіден, The Lancet журналында жарияланған соңғы зерттеулер вакцинацияланған адамдар арасында КВИ жұқтыру жағдайлары өте сирек кездесетінін растады. Бұл көрсеткіш бір дозамен егілгендер арасында 0,5%-дан, екі компонентті алғандар арасында 0,2%-ға дейін. Демек, Англиядағы өлім-жітім көрсеткішіне негізделген КВИ қарсы иммундауға арналған препараттардың тиімсіздігі туралы ақпарат манипуляция болып табылады және елдегі аурушаңдық пен өлім-жітім деңгейі бойынша толық түсінік бермейді.