Фейк: «Балаларды ата-аналарына хабарламай мектептен белгісіз бағытта алып кетеді»
Танымал қазақстандық Telegram-арналардың бірінде балаларды мектептен эвакуациялаудан жазбаша бас тарту үлгілері таратылуда. Бұл құжаттар мектеп оқушыларын сабақ кезінде ата-аналарына ескертпей белгісіз бағытта алып кетпеуі үшін қажет.
Қазнетте жаңа оқу жылында мектеп оқушыларын партада отырған жерінен алып кетеді деген қауесет кеңінен тарала бастады. Пайдаланушылардың айтуынша, мұндай нормалар жаңа заң жобасында жазылған және оларға сәйкес мектеп оқушыларын белгісіз бағытта құпия эвакуациялау үшін себеп керек емес.
ҚР Білім және ғылым министрлігі ата-аналардың алаңдаушылығы сейілтті.
Ведомство терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтар жазылған бұйрық жобасы бар екенін растады. Ол «Террористік тұрғыдан осал объектілердің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің және білім және ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» деп аталады. Құжатты ҚР БҒМ Терроризмге қарсы орталықпен, Ішкі істер министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп әзірледі. Қазіргі кезде бұйрық жобасы баршаға қолжетімді, ата-аналар мен ҮЕҰ-ның барлық ұсыныстары өңделеді, содан кейін жобаға қажетті өзгерістер енгізіледі.
– Бұйрық жобасында қауіп төнген жағдайда балаларды эвакуациялау оқушылар мен қызметкерлерді білім беру объектісінің жеке үй-жайларынан немесе ғимараттарынан қауіпсіз орындарға ұйымдасқан түрде көшіру арқылы жүргізілетіні белгіленген. Қауіпсіз орындарды білім беру объектілерінің басшылығы мүдделі органдармен бірлесіп білім беру объектісіне тікелей жақын жерде айқындайды. Білім беру ұйымдарында эвакуациялық жұмыстарды жүргізу кезінде оқушылардың ата-аналарын сынып жетекшілері хабардар етеді, – деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, ведомство қажет болған жағдайда барлық қауіпсіздік шаралары нақты және үйлесімді қабылдануы үшін мектептерде жаттығулар өткізілуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл туралы алдын ала хабарланады, ал балаларды мектеп аумағынан тыс жерлерге көшірмейді.
Демек, Қазақстанда салмақты негізсіз балаларды қандай да бір құпия эвакуациялау туралы сөз болған жоқ. Мұндай нормалар қолданыстағы заңнамада да, білім және ғылым министрі бұйрығының жобасында да қарастырылмаған. Оқушылар нақты қауіп төнген жағдайда ғана эвакуацияланады, бұл ретте олар жақын маңдағы қауіпсіз жерге жеткізіледі, ал сынып жетекшісі бұл туралы ата-аналарға хабарлауға міндетті болады.
Бұған дейін біз жаңа мектеп автобустары вакцина салдырмаған ата-аналардың балаларын ұрлау үшін қажет деген қауесетті жоққа шығардық.