Еңбек министрлігі 50 мың теңге берілетін сауалнама өткізіп жатқан жоқ
Алаяқтар мессенджерлерде қазақстандықтарға «коронавирусқа байланысты жаңа көмек қорынан» 50 мың теңге берілетін сауалнама таратуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай хабарламаларды зиянкестер аккаунттар мен банктік шоттарды иемдену үшін пайдаланатынын ескертеді.
Мессенджерлерде тараған ақпараттағы сілтеме сайтқа апарады. Пайдаланушының сенім тудыру үшін парақшада мемлекеттік рәміздер қолданылған. Сайтқа кіруші 4 сұраққа жауап беріп, ақшалай сыйлық қорапшасын таңдауы керек. Содан кейін 50 мың бонус берілгені туралы хабарланады, ал оны алу үшін қолданушы хабарламаны бес топта немесе басқа 20 адаммен бөлісу қажет. Алаяқтар фейкті осылай таратады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ведомствоның мұндай сауалнамаларға ешқандай қатысы жоқ екенін ескертеді.
«ЕХӘҚМ мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы азаматтар арасында ешқандай сауалнама жүргізбейді. Азаматтарға мұндай хабарламаларды зиянкестер аккаунттар мен банктік шоттарды иемдену үшін пайдалануы мүмкін екенін ескертеміз. Алаяқтықтың құрбаны болмас үшін күмәнді сілтемелер бойынша өтпеулеріңізді және онда жеке деректеріңізді қалдырмауыңызды сұраймыз», – делінген ведомство хабарламасында.