Елордада интернет-алаяқтар ұсталды
Нұр-Сұлтанда интернетте алаяқтық іс-әрекеттерге барған 14 адам ұсталды. Олардың алтауы бірнеше рет онлайн-алаяқтық жасады деп күдіктелуде.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің киберқылмыспен күрес бөлімі «Anti-Fraud» (Fraud (ағылш. – алаяқтық)) жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысын жариялады.
Интернет-қылмыстарды ашу және тергеу үшін арнайы мобильді полиция топтары құрылды. «Anti-Fraud» жедел алдын алу іс-шаралары 18-20 тамыз аралығында Ақмола облысының аумағында өткізілді. Үш күннің ішінде полицейлер интернет-алаяқтықтың 29 фактісін және 7 интернет-ұрлықты ашты. 14 адам, оның ішінде 6 сериялық интернет-алаяқ ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұсталғандардың бірі-интернеттегі 40-тан астам алдау фактісіне қатысы бар 40 жастағы ер адам. Ол заңсыз жолмен қазақстандықтардың жеке мәліметтерін алып, бұл ақпаратты несиелік займдар алу үшін пайдаланған. Күдікті қамауға алынды, тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері 20 тамызда 31 жастағы әйелді ұстады. Ол интернетте клиенттерге ірі банк несиелерін рәсімдеуге көмек көрсетуге уәде берген. Осылайша, бес адамды алдаған. Олар алаяққа көрсеткен «қызметі» үшін алдын-ала төлем жасаған. Ал күдікті ақшаны алған соң интернеттегі жарнамалар мен телефон номерлерін жойып, ізін суытқан. Полицейлер ҚР ҚК 192-бабы 2-бөлігі 4-тармағы (ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдарын жүргізуде.
Тәртіп сақшылары Интернеттің кең таралуына байланысты алаяқтар алдаудың жоғары технологиялық әдістерін қолдана бастағанын, ал короновирус пандемиясының әсерінен хакерлердің алғырлығы артып, айла-амалдары күрделене түскенін атап өтуде.
Осыған байланысты полиция өкілдері киберқылмыстардан қорғану үшін бірқатар ережелерді ұстануға кеңес береді:
– түрлі бағдарламаларды орнатқан кезде компьютерді немесе мобильді құрылғыны жұқтырудан қорғау үшін лицензияланған бағдарламалық қамсыздандыруды пайдаланыңыз;
– антивирустық бағдарламаны жеке компьютерге ғана емес, смартфонға, планшетке және басқа техникаға да орнатыңыз;
– тексерілмеген көздерден файлдарды жүктемеңіз;
– спамдағы және сіз білмейтін басқа күдікті адамдардың электрондық хаттарындағы сілтемелер бойынша өтпеңіз;
– құпия сөздерді және жеке мәліметтерді ешкімге айтпаңыз;
-аз танымал және күдікті интернет-сайттар мен әлеуметтік желілерде тауарлар мен қызметтерді сататын адамдардан, әсіресе тауарлар мен қызметтерге толық алдын-ала төлем жасау қажет болған жағдайда, сатып алудан бас тартыңыз;
– сандар мен әріптердің немесе басқа таңбалардың комбинациясынан тұратын күрделі парольдарды қолданыңыз;
– пароль ретінде туған күндерді, есімдер мен тегіңізді пайдаланбаңыз, алаяқтар үшін оны анықтай оңай болады.