Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналар ерлердің репродуктивті жүйесіне зиян тигізеді»
Қазнетте неміс патологоанатомы Арне Буркхардттың сөзі келтірілген видео тарады. Оның айтуынша, COVID-19-ға қарсы егілген ерлердің репродуктивті органдарында бедеулікке әкелетін қайтымсыз өзгерістер бар. Бұл жалған.
Арне Буркхардт – неміс патологоанатомы, зейнеткер. Ол Covid-19 пандемиясы және ауруға қарсы вакциналар туралы бірқатар негізсіз мәлімдемелер жасағаннан кейін Желіде танымал болды. Ол вакцинацияланған 15 марқұмды тексеріп, олардың өліміне вакцина себеп болғанын, сонымен қатар олардың органдарын зерттеп, көбінің вакцинация компоненттерімен зақымдалғанын анықтағанын айтқан. Буркхардт бұлардың ешқайсысын дәлелдей алмады. Ол ешқандай тексеру хаттамаларын ұсынбаған, ол мәйіттерді сипаттамаған. Дәрігердің жұмыс істемегеніне бірнеше жыл болған және зейнеткерлікке шыққан, ол денелерді қайдан және қалай алғанын хабарламаған. Бұл Буркхардттың сөздеріне күмән келтіреді, өйткені олар негізсіз.
Оның COVID-19 қарсы вакциналар ерлердің репродуктивті денсаулығына зиян келтіреді деген теориясына келетін болсақ, бұл қолда бар ғылыми дәлелдерге қайшы келеді.
2022 жылы итальяндық ғалымдар COVID-19 қарсы мРНҚ және векторлық вакциналардың ерлерге әсерін тексерді. Зерттеушілер вакцинацияға дейін және одан кейін 101 ер адамнан биологиялық үлгілер алған. Олардың нәтижелері қатысушылардың жыныс жасушаларының сапасы мен санында айтарлықтай өзгерістер барын көрсеткен жоқ.
Сол жылы израильдік зерттеушілер де COVID-19 қарсы вакцина алған ерлердің деректерін зерттеді. Иммундаудан кейін нормадан тыс ауытқулар тіркелмеген.
Вакциналардың әйелдердің фертильділігіне әсері де зерттелді. Онымен 2023 жылы қытай ғалымдары айналысқан. Олар вакцинацияланған әйелдер арасында ешқандай жағымсыз әсерлерді байқамаған. Қатысушылардың көбі зерттеу барысында аман-есен босанған. Бұл ретте вакцина жүктілікке де, нәрестелердің денсаулығына да әсер етпеген.
Бірден бірнеше рецензияланған және ауқымды ғылыми зерттеу Буркхардттың сөзіне қайшы келеді. Олай болса, екпелер репродуктивті денсаулықты нашарлатады деген тезиске сенбеген жөн.