Fake News

Фейк: «5G бағаналары – қару, сондықтан оларды жою керек»

Қазақстандықтар 5G бағаналарын жоюға шақыруда, өйткені кейбір желі қолданушыларының пікірінше, олар қару болып табылады. Танымал Telegram арналарының бірінде аудио хабарлама таратылуда, оның авторы 5G антеннасының алдында тұрған сиыр толқындардың зиянды әсерінен өліп қана қоймай, толығымен жоғалады дейді. Бұл ғылымға қарсы.

5G – бұл 24 ГГц және одан жоғары диапазонда жұмыс істейтін ұялы байланыстың жаңа форматы. Бұл жаңа толқындардың немесе сәулеленудің бір түрі емес. Wi-Fi технологиялары, полиция радарлары, кейбір жер серіктері және т.б. осы толқындарда жұмыс істейді.
5G технологиясы көптеген елдерде қолжетімді және сәтті жұмыс істеуде. Жаңа буындағы желілер Қытайда 341 елді мекенде, АҚШ-та 279 қалада, Оңтүстік Кореяда 85 қалада, Ұлыбританияда 54, Испанияда 53, Канадада 49, сондай-ақ басқа елдерде қолданылады.
Олар Желіге жоғары жылдамдықты қолжетімділікті қамтамасыз етеді, соның салдарынан заттар интернеті, телемедицина, пилотсыз көлік және т.б. салалар үшін теңдессіз мүмкіндіктер ашады. Бұған massive MIMO, Beam Forming технологиялары және желіні ортогональды емес бөлу арқылы қолжеткізілмек. Мұның бәрі жиіліктерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді және адамдар мен жануарлардың денсаулығына зиян тигізбейді.

5G базалық станцияларында адамды өлтіретін және емделмейтін аурулар тудыратын «әскери элементтер», лазерлер және басқа да құрылғылар жоқ. 
Іске қосылған 5G бағаналарының алдында тұрған сиыр немесе басқа тіршілік иесі жай өліп қана қоймай, із-түссіз жоғалып кетуі мүмкін деген пікірлер ғылымға қарсы және фантастика болып табылады. Бүгінгі таңда әлемде мұндай технологиялар жоқ. Сонымен қатар, оларды 5G технологиясы жануарларға әсер ететін жиілік қауіпсіздігін зерттеу жоққа шығарады. Көптеген зерттеулердің нәтижесінде бірде-бір зертханалық кеміргіш жойылған жоқ. Сондай-ақ, бұл зерттеулер 5G желілері өлімге қауіп төндіреді, COVID-19 белгілерін, онкологиялық және басқа аурулардың дамуын тудырады деп болжауға негіз бермейді.
Әлем бойынша ұялы байланыс бағаналарын өртеу бүгінде қастандық теорияларын жақтаушылар тарататын үрдіс болып табылады. Жаңа буындағы желілер өлім мен жойылуға әкеледі деп сенетін адамдар ұялы байланыс антенналарын өртеп, телефон немесе желі арқылы жақын адамдарымен байланысу мүмкіндігінен айырылған жағдайлар бар. Ресей мен Англия сияқты кейбір елдерде 5G бағаналарын қасақана бұзатындар заңмен қудаланады.
Осы жылдың қаңтарында Францияда бағана өртенді. Нәтижесінде бір жарым миллионға жуық адам ұялы байланыс, теледидар мен радиосыз қалды. Өрт үшін жауапкершілікті «5G күшін жою комитеті» ұйымы өз мойнына алды. Кейіннен белгілі болғандай, өртенген антенна 5G сигналдарын мүлдем таратпайды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 5G форматындағы желілердің іске қосылғаны туралы хабарланған жоқ. Өткен жылдың желтоқсан айында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі 5G-ге көшу кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынын хабарлады.

Қазақстанда 5G желісі іске қосылмаған

Жоғарыда айтылғандардан 5G – бұл медицина, көлік, коммуникация және басқа да салаларда жаңа мүмкіндіктер ашатын технология деген қорытынды жасауға болады. Базалық станциялар өмір мен денсаулыққа қауіп төндірмейді және жақын адамдар мен жануарлардың атомдарына «ыдырай» алмайды. Ұялы байланыс бағаналарын өртеу бүкіл елді мекендерде Интернет, байланыс, радио мен теледидарды толығымен өшіруден басқа ештеңеге әкелмейді.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button