Fake News

Фейк: «Дәрігерлер COVID-19 қарсы вакцина алуды ұсынуды тоқтатты»

Қазақстандық Telegram-чаттарда дәрігерлер вакцина алуды ұсынуды тоқтатты, COVID-19-ға қарсы вакциналарды әзірлеудің қажеті болмаған деген ақпарат таратылуда. Мұның бәрі – жалған.

Бұл тұжырымдардың авторы – доктор Роджер Ходкинсон. Ол бұған дейін COVID-19 бар екенін жоққа шығарып, мұның бәрі жалған деп мәлімдеген болатын. Оның сөздерін ағылшын тілді фактчекерлер бірнеше рет жоққа шығарды.

Бұл жолы ол дәрігерлер енді пациенттеріне COVID-19 қарсы вакцина салдыруды ұсынбайтынын және вакцинация науқанын тоқтатуға шақырады деп мәлімдеді. Бұған ешқандай дәлел жоқ. ДДСҰ, АҚШ ауруларды бақылау орталығы, Ұлыбританияның ұлттық денсаулық сақтау қызметі және басқа елдердің, соның ішінде Қазақстанның денсаулық сақтау министрліктері КВИ алдын алудың ең тиімді әдісі ретінде вакцинацияны ұсынады.

Дәрігерлер COVID-19-ға қарсы вакцинацияны тоқтатуға шақырады деген фейкті де біз бұған дейін жоққа шығарған болатынбыз.

Манипуляция: «Ғалымдар COVID-19 қарсы вакцинациясы салдарын дәлелдеп, егу науқанын тоқтатуды талап етуде»

Вакциналарды әзірлеу қажет болмағандығы туралы тезис те фактілерге қайшы келеді. Доктор Ходкинсон COVID-19 әдеттегі тұмаудан қауіпті емес деп ойлап, тек өзінің пікіріне ғана сүйенеді. Бұл олай емес. ДДСҰ мәліметтері бойынша КВИ-ден болатын өлім тұмауға қарағанда жоғары, ал аурудың ағымы көп жағдайда ауыр болады. Аурудан жазылуға да маусымдық тұмауға қарағанда көп уақыт кетеді.
Бұл аурулардың арасындағы айырмашылықтар туралы бұған дейін жазған болатынбыз.

COVID-19 әдеттегі тұмаудан қауіпті емес – манипуляция

Шындығында, вакциналарды шұғыл арада әзірлеу COVID-19 таралуына және өлімнің жоғары деңгейіне байланысты қажет болды.
2020 жылғы 8 желтоқсанда әлемде жаппай вакцинация басталған кезде COVID-19-дан 1 650 622 адам қайтыс болған еді.

https://www.worldometers.info/coronavirus/

Бұл пандемияны тоқтату үшін өте қысқа мерзімде тиімді және қауіпсіз вакцина жасау керек болды.
Мамандар жаппай вакцинацияны пандемиямен күрестегі басты қару деп атайды.

Ходкинсонның вакциналар жүкті әйелдерде тексерілмеген және бедеулікке әкелуі мүмкін деген тұжырымдары да дұрыс емес. Оны дәрігерлер мен фактчекерлер жоққа шығарды.

Қазіргі кезде қолданылып жүрген COVID-19 қарсы вакциналардың кейбірі жүкті әйелдерде сыналып, олардың тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденді. Басқаларын сынақтан өткізу жүргізіліп жатыр.

Қорыта айтқанда, доктор Ходкинсонның тұжырымдары бірнеше рет теріске шығарылған жалған ақпарат және манипуляция болып табылады. COVID-19 қарсы вакциналар бедеулікке әкелмейді, оларды әзірлеу қажет болды, дәрігерлер вакциналарды негізгі профилактикалық құрал ретінде ұсынуды тоқтатқан жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button