Жалған: «Жапонияда вакцинацияланған адамдарға қан тапсыруға тыйым салынады»
Қазақстандықтар Жапонияда вакцинацияланған адамдарға донор болуға тыйым салынады деген жаңалықты талқылауда. Олардың қаны бұзылған екен. Бұл өтірік.
Бұл ретте коронавирустық инфекцияға қарсы егу туралы айтылып отыр. Фейк 2021 жылы COVID-19 пандемиясы өршіген кезде шыққан. Шын мәнінде, мұндай тыйым болмаған.
2021 жылғы 14 мамырда Жапонияның Қызыл Крестінің ресми сайтында қаулы жарияланды. Құжатта коронавирустық инфекцияға қарсы егілгендер 48 сағат ішінде қан тапсыра алмайтды деп жазылған. Шектеу вакциналардың барлық түрлеріне қатысты болған. Бұл Үкіметтің донорларға қолайлы ережелерді әзірлеуімен байланысты. Көрсетілген уақыт өткен соң еш қиындықсыз қан тапсыруға рұқсат етілді.
Жапония елшілігінің Вашингтондағы өкілі Хитоши Хатта биліктің бұл ұстанымын вакцинацияланғандардың денсаулығына алаңдаушылық деп түсіндірді. Өздеріңіз білетіндей, вакцинацияның жанама әсерлері болуы ықтимал: бас айналу, дененің ауыруы, безгек. Мұның бәрі қан тапсыруға кедергі келтіреді. Үкімет вакциналар қауіпті деп ойламайды.
2024 жылдың ақпан айында АҚШ-та әлеуметтік желілерде осы сияқты фейктер тарала бастады. Америкалық Қызыл Крест COVID-19 қарсы вакцина алған адамдардың қаны «бүлінгендіктен» оларға қан тапсыруға тыйым салған екен.
«COVID-19 қарсы екпе алған әлеуетті донор мүлдем жарамсыз болып қалды деуге еш себеп жоқ», – деді Қызыл Крест өкілі Associated Press агенттігіне.
Ұйымның хаттамаларына сәйкес, мРНҚ немесе вирустық векторларға негізделген вакцинамен егілгендер кез келген уақытта донор бола алады. Инактивтендірілген екпе алған адамдар 2 апта күтуі керек. Қызыл Крест ұсыныстары қызамыққа, қызылшаға, желшешекке және басқа инфекцияларға қарсы вакцинацияланғандарға да қатысты қолданылады.
Демек, Жапонияда COVID-19 қарсы вакцинацияланғандарға қан тапсыруға тыйым салынбаған. Егілгеннен кейін 48 сағат өтсе жеткілікті.